Денсаулық сақтау министрі Кәрім Мәсімовтің руы мен ұлтына қатысты сұраққа жауап берді
Дәрігер Арай Төлемісова Кәрім Мәсімовтің ұйғыр емес, қазақ екенін мәлімдеді. Ол емделушісінің медициналық картасындағы мәліметтерге сүйенген. Осыған орай журналист Үкімет сағатынан кейін өткен брифингте Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға сұрақ қойды.
«Арай Төлемісова деген дәрігердің YouTube арналарында сұхбаты тарады. Онда дәрігер Мәсімовті бәрі ұйғыр деп айтатынын, шын мәнінде, оның құжаттарын көргенін, онда руы найман екені жазылғанын айтты. Жалпы медициналық құжаттарда адамның руы жазыла ма? Содан кейін жеке деректерді бұлайша жариялау қаншалықты заңды?», – деп сұрады журналист.
Ақмарал Әлназарова бұл сұхбатты YouTube арнасынан көрмегенін, ал медициналық құжаттарға қатысты нақты талаптар бекітілмегенін айтты.
«Медициналық құжаттарға руының ішінде жазылуына қатысты ешқандай шарт жоқ», – деді министр.
Еске сала кетсек, мемлекетке опасыздық жасады және билікті басып алмақ болды деген айыппен сотталған ҰҚК-нің бұрынғы басшысы Кәрім Мәсімов Президенттен кешірім сұрап хат жазды. Кәрім Мәсімовтің рақымшылық жасау туралы өтініш бергені, қазіргі уақытта Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің шешімімен Астанадағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында отырғаны айтылды.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұл ақпаратты растады.
«Шынында да, осы мекемеден ол 2024 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы президентінің атына кешірім жасау туралы өтініш жолдады», – деп мәлімдеді ҰҚК.
Өткен жылдың сәуір айында Астана соты Кәрім Мәсімовті мемлекетке опасыздық жасады, билікті күшпен басып алуға әрекеттенді, билікті және қызметтік өкілеттікті асыра пайдаланды деген айыппен 18 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасарлары Әнуар Садықұлов, Дәулет Ерғожин және Марат Осипов та бас бостандығынан айырылды.