Елімізде бидай, күріш және мақта егу алқабы қысқарды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Майлы дақылдар алқабын ұлғайтуға басымдық беріліп отыр / Фото: архив kursiv.media 

Биыл елімізде бидай алқабы 450,3 мың гектарға қысқарды. Күріш, мақта егу көлемі де азайды. Дегенмен майлы дақылдарға басымдық беріліп отыр. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Үкімет отырысында айтты.

Министрдің айтуынша, биылғы жылы жалпы егіс алаңы 23,8 млн гектар. Майлы дақылдар мен қант қызылшасының алқаптары 608 мың және 9,4 мың гектарға ұлғайған. Айдарбек Сапаров суды көп қажет ететін  дақылдарды егу көлемі де азайғанын жеткізді. Мәселен, күріш 6,9 мың гектарға, мақта 16 мың гектарға қысқарған.

Ведомство басшысы егіс жұмыстары үшін берілетін жеңілдетілген несие жайына да тоқталды.

«Алғаш рет көктемгі егіс жұмыстарына берілген жеңілдетілген кредит көлемі жылдық «таза» 5%-бен 580 млрд теңге болды. Өткен жылдары бұл көлем 180 млрд теңгеден аспаған. Бөлінген қаражаттың 406 млрд теңгесі игерілді, қалған 174 млрд теңгені игеру жұмыстарын жеделдету қажет», – деді министр.

Министр аграрлық несие корпорациясы арқылы Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларды тарту жұмыстары баяу жүріп жатқанын тілге тиек етті. Тек Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қызылорда өңірлерінде ғана белсенділік байқалады. Сапаров өзге аймақтар бұл бастаманы тиісті деңгейде орындамай отыр деп баға берді.

«Майлы дақылдар алаңын ұлғайту бойынша Ақмола (-131,3 мың га), Жамбыл (-32,8 мың га), Батыс Қазақстан (-17,9 мың га), Түркістан (-8,5 мың га), Қарағанды (-5 мың га) облыстары әкімдіктерімен тиісті деңгейде жұмыс жүргізілген жоқ. Нәтижесінде республика деңгейінде жоспарланған көрсеткіш орындалмай отыр», – деді Сапаров.

Ведомство басшысының айтуынша, Алматы мен Жетісу облыстарында күріш егу жоспары орындалмаған.

«Мақта бойынша жоспар толығымен орындалды, 16 мың га алқап қысқартылды. Қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақыл бойынша республика көлемінде жоспар 10,4%-ға орындалмады, атап айтқанда Алматы облысында жоспар тек 50%-ға, Жамбыл облысында 74%-ға орындалды. Минералды тыңайтқыштар бойынша Қызылорда облысынан басқа өңірлерде жоспар орындалған жоқ. Іс жүзінде , барлық облыста осы индикатордың орындалмау қаупі бар, сондықтан әкімдіктермен бірге осы бағыттағы жұмыстарға баса назар аудару қажет», – деді Сапаров Үкіметте өткен жиында.

Айдарбек Сапаров облыс әкімдіктері ветеринариялық пунктерді, мал қорымдарын, инсинераторлар мен сою пунктерін салу және сатып алу жөніндегі жоспарды да тиісті деңгейде атқармай отырғанын ашып айтты. Қойылған міндетті Солтүстік Қазақстан және Жетісу облыстар ғана орындаған, ал қалған әкімдіктер бұл жұмыста артта қалып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Айдарбек Сапаров Қазақстан қатты бидай өнімін Еуропаға экспорттайтынын, десе де ел астығы Ресей бидайымен бәсекеге түсе алмай отырғанын айтқан.

3 шілдеде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз барысында Қазақстанның Қытайға жылына 2 млн тонна астық жеткізуге дайын екенін мәлімдеді.  Әсіресе, ет өнімдерін, майлы және дәнді-дақылдар эскпортын ұлғайтуға мүдделі.

Сондай-ақ оқыңыз