Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Жоғарғы аудиторлық палата мен Антикор тексерісінен кейін қызметінен кеткен шенеуніктердің аты-жөнін атады.
Министр Жоғарғы аудиторлық палата талдауы негізінде барлық материал қаралғанын және жауапты басшыларды қызметінен босатуға дейінгі тәртіптік шаралар қолданылғанын айтты.
Сондай-ақ Әлназарова екі ведомствоның тексеруінен кейін, Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау Ұлттық орталығының басқарма басшысы Еркен Дәуітбаевтың, Фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы Нұрлан Ысқақов пен Дәрілік саясат департаментінің басшысы Сәуле Ержанованың лауазымды қызметтерінен босатылғанын растады.
«Иә, өте дұрыс, осы адамдар (жұмыстан босатылды – ред.). Біреулермен еңбек келісімшарты тоқталды, бірі өз еркімен жұмыстан кетті, енді бірі басқа жұмысқа ауысып кетті. «СК-Фармация» компаниясы төрағасының құзіреті мерзімінен бұрын тоқтатылды», – деді Әлназарова Үкіметте өткен брифингте.
БАҚ өкілі мемлекетке келген шығынды кімдер және қалай өтейтіні жайлы да сұрады. Министрдің айтуынша, қазіргі уақытта барлық материал ішкі істер органдарына берілген.
«Жоғары аудиторлық палатаның және сыйбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің материалдары ішкі істер органдарының қарауына жіберілді. Біз де өз тарапымыздан бірнеше қызметтік тексеріс өткіздік. Ол материалдар да тиісті органдарға тапсырылды. Шешімді солар қабылдайды», – деді Министр.
Еске салсақ, жуырда Жоғары аудиторлық палата Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына аудит жүргізіп, кейбір медициналық ұйымдардың қаражатты орынсыз пайдаланғанын анықтады. Атап айтқанда, кейбір мекемелер медициналық қызметтерге қордан да, емделушіден де қосарланған төлем алып отырған. Ал енді бір ұйымның жеке орны мен медициналық жабдықтары болмағанына қарамастан, қордан қаражат алып келгені белгілі болды.
Салаға жүргізілген аудит барысында 3,8 трлн теңге болатын қаражат пен активтер қамтылып, 13 ұйымға тексеріс жүргізілген. Тексеріс барысында аудиторлар қор қаражатының орынсыз жұмсалуын анықтаған. Сондай-ақ аудит барысында Ұлттық қор қаражатының созылмалы игерілмеу жағдайлары тіркелген. Аудит жүргізілетін кезеңде кепілдендірілген және нысаналы трансферттер шеңберінде 50 млрд теңгеден астам қаржы бөлінгені белгілі болған. Алайда оның 13 млрд теңгесі немесе 26%-ы игерілмеген.
Жоғары аудиторлық палата дәрілер бағасының орынсыз көтерілгенін, оларға лайықты деңгейде бақылау жүргізілмейтінін де анықтаған болатын. Тексеріс барысында дәрілердің бағасына мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейтінін, шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделгенін анықтаған. Солайша бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға себеп болған.