АҚШ-та екі жылдық трежеризге деген рекордтық сұраныс тіркелген. G20 елдері әлемдік экономика баяулайды деп үміттенеді. Нарық Трамп жеңген жағдайда биткоин өседі және алтынға деген сұраныс күшейеді, сөйтіп доллар әлсірейді деп күтеді. Осы және басқа да тақырыптар туралы 23 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.
G20 елдері әлемдік экономика баяулайды деп үміттенеді
G20 елдерінің қаржылық көшбасшылары (қаржы министрлері мен орталық банктердің басшылары) осы аптада Рио-де-Жанейрода жиналды. Бас қосуда – «әлемдік экономика баяулайды, бірақ «соғыстар мен қақтығыстардың өршу» қаупі сақталады» деген қорытынды жасалды деп жазады Reuters агенттігі.
«Бізді әлемдік экономиканың баяулау ықтималдығының артуы қуантады, дегенмен көптеген түйткіл баршылық, – делінген коммюнике жобасында. – Экономикалық белсенділік әлемнің көптеген бөлігінде күткеннен де орнықты болып шықты, бірақ қалпына келтіру ісі әр елде әртүрлі жүріп, экономикалық алшақтық қаупін күшейтіп жатыр». Бұдан басқа «климаттың өзгеруі теңсіздік түйткілдерін айтарлықтай ушықтыруы мүмкін, ал кейбір елде қарыз деңгейі өте жоғары» делінген құжатта.
Оң өзгеріс ретінде инфляция қарқынының баяулағаны айтылған. Құжат жобасында Халықаралық валюталық қорды реформалауға шақыру бар. Ал протекционизмге қарсы шығуға үндеу жеке бір тармақты құрайды.
АҚШ-та екі жылдық трежеризге деген рекордтық сұраныс тіркелді
АҚШ-та кезекті өкіметтік қарызды 69 млрд долларға сатқан аукцион өтті. Сол жерде инвесторлардың сұранысы рекордтық деңгейге жетті дейді Bloomberg. Екі жылдық трежериз аукционы кезінде сұраныс жоғарылап, қағаздардың кірістілігі 4,434% деңгейінде болды, бірақ бұл сауда алдында мақсат етілген кірістіліктен екі базистік тармақтан аса төмен. Дегенмен сәуір айының соңында екі жылдық табыстылық 5%-дан асты.
Қыркүйекте ФРЖ мөлшерлемені төмендетуі мүмкін деген үміт «бастапқы сұранысты жоғары қылды» деп есептейді Oxford Economics сарапшысы Джон Канаван.
АҚШ-та қайталама тұрғын үй бағасы кезекті рекордты жаңартты
Ұлттық риэлторлар қауымдастығы дерегіне сілтеме жасай отырып FOX Business басылымы мынаны айтады: маусым айында АҚШ-та қайталама тұрғын үйді сатудың орташа бағасы рекордтық 426,9 мың долларға жетіп, былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,1%-ға артты. Бұл – жылжымайтын мүлік тарихындағы ең жоғарғы деңгей. Оның үстіне өткен айда баға да рекордты жаңартты.
Баға өскеннен кейін сатылым көлемі күрт азайды. Маусымның қорытындысы бойынша, ол жылдық өлшемде 5,4% – 3,89 млн долларға құлдырады. Сұраныс пен ұсыныстың динамикасы нарықтың теңгерімді жағдайына жақындап келеді деп есептейді NAR бас экономисі Лоуренс Юн.
Сатылым көлемінің азаюына келер болсақ, Bright MLS бас экономисі Лиза Стертевант сатып алушылар ипотекалық несиелер бойынша мөлшерлемелердің төмендеуін күтіп отырғанына сенімді. Экономистер сондай-ақ оң үрдісті атап өтті: нарықта жиналып жатқан ұсыныс қарыз алу шарттарын жұмсартқаннан кейін бағаның төмендеуіне түрткі болады. Маусым айының соңында 1,32 млн-ға жуық үй сатуға қойылды, бұл өткен аймен салыстырғанда 3,1%-ға және бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 23,4%-ға көп.
Ақ үйге Дональд Трамп жайғасатын болса, биткоинге қолдау көрсетеді
Республикалық партия атынан АҚШ президенттігіне үміткер Дональд Трамп сайлауда жеңіп шықса, криптоиндустрияны қолдауға уәде берді. Сондай-ақ нарық доллар қазіргі позициясын жоғалтады деп болжайды. Себебі АҚШ-та билікке республикалық партия келген кезде үнемі солай болады деп жазады Bloomberg.
«Бізде валюта мәселесі өте үлкен», – деп мәлімдеді Трамп қытай және жапон валюталарының долларға қатысты салыстырмалы әлсіздігін көрсетіп. Бұл екі елге әлемдік нарықта басымдық берген де осы жағдай. Трамптың одақтасы, вице-президенттікке үміткер, Огайо сенаторы Джей Ди Вэнс те доллардың құнсыздануын тілге тиек еткен болатын.
«Егер Трамп әкімшілігі доллардың әлсіреуіне қол жеткізсе, балама активтер нығаюы мүмкін. Олардың ішінде биткоин мен алтын да бар», – деді Scotiabank бас валюталық стратегі Шон Осборн.