Қазақстандағы Al Hilal Ислам банкі ребрендинг жасап, бөлшек қызметін қысқартады

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Al Hilal Ислам банкі неге ребрендинг жасап жатыр? / Фото: Al Hilal банкі, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандағы Al Hilal Ислам банкі ребрендинг жасап, бөлшек қызметті қысқартады. 1 шілдеден бастап Al Hilal-дің бүкіл төлем карталары бұғатталған. Есесіне банк корпоративтік қызмет көрсетуге басымдық бермек.

Abu Dhabi Commercial Bank-тің (ADCB) Қазақстандағы еншілес ұйымы – Al Hilal шариғат талаптарына сай корпоративтік қаржылық қызметтерді көрсетуге бағытталған ребрендинг жасайтынын мәлімдеді.

Бұл қадам ADCB-ге аймақта исламдық банкинг хабын құра отырып, Орталық Азиядағы өз позициясын нығайтуға мүмкіндік береді. Осыған байланысты банк 1 шілдеден бүкіл төлем карталарын бұғаттады.

Қазақстанда қазір екі ислам банкі жұмыс істейді: Al Hilal және Zaman Bank. Ұлттық банктің мәліметінше, 1 маусымдағы жағдай бойынша банктің активтері 154,5 млрд теңгені құрайды. Ал несие портфелі – 92,04 млрд теңгені, меншікті капиталы 26,5 млрд теңгеге жеткен.

Ислам банктері негізінен корпоративтік секторға несие береді. Экономика салаларын дамытуда ислам банктерінің несие портфелінің 23%-ы көтерме және бөлшек саудаға, 17%-ы өнеркәсіптік өңдеуге, 15%-ы құрылыс саласына берілген.

Al Hilal – Қазақстан мен ТМД-дағы алғашқы ислам банкі. Ол 2010 жылы Қазақстан Республикасы мен БАӘ үкіметтері арасындағы келісім бойынша шариғат қағидаттарына сай банктік өнімдер мен қызметтерді ұсыну мақсатында құрылған. Бұл қаржы институты БАӘ-дегі ең ірі банк тобының бірі – Абу-Даби Коммерциялық Банкі (ADCB) тобына кіреді.

Ал ADCB акцияларының 62,52%-ын Абу-Даби үкіметі иеленеді. Қалған бөлігі жеке компаниялар мен жеке тұлғалардың иелігінде.

Қазақстан банктеріне ислами қаржы қағидаттарымен жұмыс істейтін терезе ашуға рұқсат берілуі мүмкін.  Ал исламдық қаржы ұйымдары дәстүрлі банк қызметін ұсына алады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заңнамаға тиісті өзгерістер әзірлеп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз