Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жаңа ғылым академиясы құрылғанын хабарлады. Қазір онда 9 жаңа академик тіркеліп, бұрынғы академиктер ғылым академиясындағы лауазымынан айырылған.
Министрдің айтуынша, ғылым академиясының жұмысы қайта реттеуден өткен.
«Өткен жылы президенттің шешімімен жаңа ғылым академиясы құрылды, бірақ басқа мәртебеге ие болды. Ол президент жанын құрылып, мемлекеттен қаржыландырылады. Жаңа Ғылым академиясына сайлау өтіп, 9 адам кірді. Тамыз-қыркүйек айларында сайлаудың жаңа циклі өтіп, бірте-бірте мықты ғалымдар жаңа Ғылым академиясына қабылданады», – деді министр.
Саясат Нұрбектің айтуынша, реформаға дейін Ұлттық Ғылым академиясының құрамында болған академиктердің мәртебесі жойылған. Бұрынғы тізімде 155 ғалым болған. Олардың арасында Қазақстан Республикасының бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев та бар.
Министр бұрынғы Ғылым академиясының мүшелері жаңа академияға мүше болып, академик мәртебесін алу үшін қайта байқауға қатысу керек екендігін атап өтті.
«Ескі академия ғалымдарының бір бөлігі, шынымен де, мықты болды, байқаудан кейін олар жаңа академияға ауысады. Академиктердің бір бөлігі дайындалып жатыр. Байқау кезең-кезеңімен өтеді», – деді министр.
Ол академияларды ескі немесе жаңа деп шатастырмас үшін бұрынғы академияны жоюды талап ететінін айтты.
2023 жылы қаңтар айында Парламент «ҚР Тұңғыш президенті – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» заңды қабылдады. Бұл құжат Назарбаевты бірқатар артықшылықтардан, соның ішінде Елбасы мәртебесінен айырды.
ҚР Конституциясы экс-президенттерге зейнетақы, пәтер, мемлекет меншігіндегі саяжай, жеке автокөлік, ел аумағында тегін жүру, медициналық қызмет көрсету және санаторлық-курорттық емделуге кепілдік береді. Негізгі заңда «экс-президент мемлекетке опасыздық жасау жағдайын қоспағанда, президент ретіндегі өкілеттігін жүзеге асыруға байланысты әрекеттері үшін жауапты болмайды» делінген. Осыған қатысты құжатқа қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.
«Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметінің кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы президенті жарлығының жобасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, Мемлекеттік күзет қызметі Тұңғыш президент – Нұрсұлтан Назарбаевты күзетпейтін болды.