Жаңалықтар

«Ұлытау техникалық университеті» болмайды: Жезқазғанда канадалық үлгідегі оқу орны салынады

Жезқазғанда канадалық үлгідегі университет салынады / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Жезқазғанда ашылады деп жоспарланған «Ұлытау техникалық университеті» ашылмайтын болды. Оның орнына канадалық үлгідегі жаңа университет салынады. Бұл туралы «Курсив» тілшісінің сауалына жауап берген Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

Министрдің сөзінше, Ұлттық университеттің құрылатыны туралы 2023 хабарланған. Алайда министрлік пен Жезқазған әкімдігімен ұзақ талқылаудан кейін басқа шешім қабылдағанды жөн көрген.

«Тез арада жергілікті бір колледждің негізінде немесе бір бос ғимаратты алып, лицензиясын тез арада беріп тастап, университетті ашып қойсақ, сапа болмайды. Сондықтан үлкен кампус жасаймыз», – деді Саясат Нұрбек.

Оның айтуынша, жаңа кампуста университет ашуға Канаданың 4 университеті қызығушылық танытқан. Бұған қоса, министр «Қазақмыс» корпорациясы қаржылай көмек көрсететінін айтты.

«22 гектар жер учаскесі бөлінді. Қаланың бас жоспарына енгізілді. «Қазақмыс» корпорациясы құрылыс жұмыстары дайындық жасауға 100 млн теңге берді», – деді ол.

Министрдің сөзінше, 2025 жылы жоба жасалып бітсе, құрылыс бірден басталып, 2025 жылдың қыркүйегінде бір кампус салынып бітсе, оқу орны өз жұмысын бастап кетеді.

Айта кетейік, 2022 жылы «Ұлытау облысында Ұлттық технологиялық университеті» ашылатыны туралы талқылау болған. 2023 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі «Ұлытау техникалық университеті» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Үкімет қаулысының жобасын әзірлеген. Қаулы жобасында университет мемлекеттік болатыны, яғни аталған министрлікке қарайтыны, 2023-2024 оқу жылында ашылатыны айтылған.

Елімізде ЖОО-ның ақылы бөліміне түскісі келетіндерге енді пайызсыз несие берілуі мүмкін. Ол жыл соңында іске қосылады.