Алматыда 34 үлескердің 290 млн теңге мөлшеріндегі ақшасын заңсыз иеленген компания басшысы жазаланды.
Атап айтқанда, 2022 жылы «Flora City Stroy» ЖШС директоры «К» азаматы «instagram», «krisha.kz» әлеуметтік желілері мен сайттарына құрылыс салуға рұқсат қағазынсыз «Lantana» және «Flora» ТК құрылысының басталуы туралы жарнама берген.
«Одан кейін «К» азаматы, сатып алушыларды алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен алдын ала сатып алу-сату шарттарын жасап, 290 млн теңге мөлшеріндегі 34 үлескердің ақшасын иеленген», – деп хабарады Наурызбай ауданының прокуратурасы.
Материалдар сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізу үшін Бостандық ауданының полиция басқармасына жолданды.
«Бостандық аудандық сотының 2024 жылғы 21 маусымдағы үкімімен «К» азаматы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағымен (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) кінәлі деп танылып, 6 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айырылды», – деп хабарлады құзырлы ведомство.
Алынған учаскелер жәбірленушілердің залалын өтеу үшін сатылатын болады. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Бұл тұста Алматы қаласының прокуратурасы азаматтарды жылжымайтын мүлікті сатып алу кезінде қырағы болуға және рұқсат беру, сондай-ақ құқық белгілейтін құжаттардың болуын тексеруге шақырады.
Жалпы үйсіз үлескер атанбас үшін құрылыс компанияларынан тиісті құжаттарды талап ету өте маңызды. Қазір Қазақстан бойынша алты өңірде елу шақты проблемалық нысан бар.