AERC болжамы: алдағы айда Brent маркалы мұнайдың бағасы төмендеуі мүмкін
Қазақстандық AERC сарапшылары болжамдарын жаңартып, мұнай бағасы 20 тамызға дейін одан әрі төмендейтінін хабарлады. Мұнай бағасының арзандауына экспорттаушы елдердегі өндіріс көлемінің жоғарылауы басты себеп болуы мүмкін.
AERC сарапшыларының шілдеге қатысты өткен айдағы болжамы дөп келді. Шілде айының бірінші жартысында Brent маркалы мұнай фьючерстері теріс динамиканы көрсетіп, қазір бір баррель үшін 81 АҚШ доллары көлемінде саудалануда. Сарапшылар бұл ары қарай да жалғасады деп отыр.
Әлемнің негізгі агенттіктері: Халықаралық энергетикалық агенттік, ОПЕК есебі, S&P Global Insights-тің мұнай жөніндегі болжамдарына сілтеме жасаған AERC болжамының тура келетінін меңзейді.
Халықаралық агенттіктердің есебіне сүйенсек, ОПЕК шілдеде 2024 жылы әлемдік мұнай сұранысының өсу болжамын: тәулігіне 2,2 млн баррельге (б/т) артып, 104,4 млн б/т құрайды деп бағамдады. Ал 2025 жылға болжамында әлемдік мұнай сұранысы 1,8 млн б/т -ке артып, 106,3 млн б/т құрайды. ОПЕК мәліметтері бойынша, Қазақстан маусым айында мұнай өндіруді 47 мың б/т -ке арттырып, 1,54 млн б/т -ке жеткізді.
Халықаралық энергетикалық агенттік (ХЭА) мәліметтері бойынша, маусым айында ОПЕК+ елдері 34,43 млн б/т көлемінде мұнай өндірген, бұл өткен аймен салыстырғанда 120 мың б/т-ке аз. Бірақ осыны ескере отырып, ОПЕК+ маусым айында өндіру жоспарын 580 мың б/т-ке асыра орындады.
ХЭА шілде айындағы есебінде 2024 жылы әлемдік мұнай ұсынысының 770 мың б/т -ке артып, рекордтық 103 млн б/т құрайтынын болжайды. 2024 жылға арналған ұсыныс болжамы маусым айымен салыстырғанда ұлғайтылды: маусым айында ХЭА 2024 жылы мұнай ұсынысының 690 мың б/т -ке артуын болжаған еді.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мұнай мен мұнай өнімдеріне салынатын кедендік баж салығын төмендеткені туралы жазған едік.