Lifestyle

Қазақстанда автомобиль өндірісі 14,6%-ға төмендеді

Алайда саланың машина жасаудағы үлесі 40% деңгейінде қалып отыр / Архив: kursiv.media

ҚР Ұлттық статистика бюросының берген мәліметі бойынша 2024 жылдың алты айында Қазақстанда жалпы сомасы 814,4 млрд теңгені құрайтын 62 435 бірлік техника шығарылды. Өндіріс көлемі былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда 14,6%-ға төмендеген. Алайда саланың машина жасаудағы үлесі 40% деңгейінде қалып отыр.

«Қазақстанның автокөлік одағының» дерегінше, өндіріс көлемінің азаюына негізінен нарықтағы өзгеріс себеп болды. «Сұр» дилерлердің ЕАЭО-ның Техникалық регламентіне сәйкес келмейтін бақылаусыз импорты ескі көлікті де, жаңа көлікті де оңды-солды жеткізуі әлі де елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және тұтынушылар үшін күрделі мәселе тудырып отыр.

«2023 жылы Қазақстанда 200 мыңға жуық жаңа автомобиль сатылды, оның 70%-дан астамы – отандық өнім. Нарық айтарлықтай өспесе де, біздің өндірушілердің үлесі әлі де жоғары. Қазірдің өзінде жұмыс орындары көбейгенімен қатар, мультипликатив өсім, яғни автоөнеркәсіппен бірге онымен байланысты орта және шағын бизнес дамып жатқанын байқап отырмыз», – деді одақ президенті Анар Мақашева.

«Қазақстанның Автокөлік Одағының» дерегі бойынша биылғы алты айдың қорытындысы бойынша, Қостанайдағы Allur зауыты 38 691 бірлік техника шығарған (-12,5%). Алматыда (Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty) 19 330 бірлік жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника жасалды (-22,4%). Семейдегі кәсіпорындар (СемАЗ, Daewoo Bus Kazakhstan) 2 528 бірлік коммерциялық көлік шығарды. (+17%). Қарағандыда (QazTehna) 644 бірлік техника (+45%) конвейерге тұрса, Көкшетаудағы КАМАЗ-Инжиниринг клиенттеріне 415 бірлік коммерциялық техника жөнелтті (-24,8%).

Еске сала кетсек, маусымда жаңа автокөліктер саудасы мамыр айымен салыстырғанда 30,2% өсті. Осылайша 16 688 жеңіл көліктер мен коммерциялық техникалар сатылған. 2024 жылғы алты айда 83 145 авто саудаланды. Бұл 2023 жылдың бірінші жартыжылдығының көрсеткішінен 0,1% төмен (83 220 бірлік).