Жаңалықтар

ҚТЖ қарыздарын қайта құрылымдау үшін Еуропалық қайта құру және даму банкінен 100 млрд теңгеден астам несие алды

«Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясының қарызы 2,9 трлн теңгеге жеткен / Фото: shatterstock

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қазақстанның теміржол операторы «Қазақстан темір жолы» компаниясына 200 млн швейцариялық франк (шамамен 106 млрд теңге) көлемінде несие берді.

«Несие қаражаты қарыз алушыға 2024 жылға дейін мерзімі бітетін қаржылық міндеттемелерін қайта құрылымдауға, капиталды босатуға және Транскаспий халықаралық көлік маршрутын одан әрі дамытуды қолдауға бағытталады. Сонымен қатар инфрақұрылымдық инвестициялық жобаларды іске асыруды жалғастыру үшін қосымша қаржы ресурстарын жұмылдыруға мүмкіндік береді», – деп жазылған ЕҚДБ сайтында.

Құжатқа сәйкес, несие 2024 жылдың 3 шілдесінде мақұлданған. Алайда оның шарттары толық жазылмаған.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың маусымында ҚР Жоғарғы есеп палатасының төрағасы Әлихан Смайылов ҚТЖ теміржол операторы өз міндеттемелерін төлей алмай, дефолттың аз-ақ алдында тұрғанын мәлімдеген. Оның айтуынша, компанияның 2024 жылдың басындағы берешегі 2,9 трлн теңгені құрады. Ал жалпы қарыздың 45%-ы немесе 1,3 трлн теңгесі бұрын қабылданған борыштық міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған.

«Қазақстан темір жолы» – мемлекет бақылауындағы көлік-логистикалық компания. Компания темір жол, теңіз порты мен әуежай инфрақұрылымын, көлік-логистикалық орталықтарды басқарады.

1991 жылы құрылған Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) нарықтық экономикаға көшуге, сондай-ақ жеке және кәсіпкерлік қызметті дамытуға ықпал ететін жобаларға инвестиция салады. ЕҚДБ акционерлеріне 72 ел, Еуропалық Одақ және Еуропалық инвестициялық банк кіреді.