Lifestyle

Қайрат Боранбаев Алматыда жаңа футбол клубын ашпақ

Қайрат Боранбаев Алматыда жаңа футбол клубын ашпақ / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Артур Алескеров

Қазақстандық кәсіпкер Қайрат Боранбаев Алматыда тағы бір футбол клубын ашуға дайындалып жатыр. Бұл туралы Metaratings спорт порталы хабарлады.

Metaratings мәліметіне сүйінсек, жаңа клуб Almaty United деген атаумен 2025 жылғы маусымды QFL екінші лигасынан бастайды. Жаңа клуб ашудағы басты мақсат Қайрат Боранбаев басқаратын «Қайрат» футбол клубының академиясынан шыққан түлектерді ойын тәжірибесімен қамтамасыз ету болып отыр.

Жаңа клуб өз алаңындағы матчтарын «Қайрат» академиясы нысандарының бірінде өткізеді. Ал клубтың бас директоры қызметін «Қайраттың» экс-директоры, қазір Player Сareer Management футбол агенттігінің басшысы Баймұханов Марат Бүркітұлы атқарады.

Kompra.kz дерегі бойынша Баймұхановқа Almaty United ЖШС тіркелген. Компания 2024 жылдың сәуір айында Алматыда пайда болды. Құжат бойынша Ә.Кекілбайұлы көшесі 30, мекенжайында «Қайрат» филиалдарының бірі және Almaty Football Academy футбол академиясы орналасқан.

Еске сала кетейік, бұған дейін Қайрат Боранбаев қайтадан Ұлттық Паралимпиада комитетінің басшысы болып сайланған еді.

Еске сала кетсек, 22 мамырда Қаржы мониторингі агенттігінің өкілі Жеңіс Елемесов Назарбаевтың құдасы Қайрат Боранбаевтың мемлекетке 134,5 млрд теңгенің активтерін қайтарғанын хабарлады. Ол сонымен бірге қылмыстық істің әлі де жүріп жатқанын, бұл соманың әлі де өсуі мүмкін екенін мәлімдеді.

2023 жылдың 6 қарашасында Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі Қайрат Боранбаевтың бостандыққа шыққанын хабарлады. Ақмола облысы Зеренді аудандық соты, бұған дейін 6 жылға сотталып, бас бостандығынан айырылған Қайрат Боранбаевтың жазасын бас бостандығын шектеумен ауыстыру туралы шешім шығарған болатын. Ақмола облысы Зеренді аудандық сотының шешіміне сәйкес, ол пробациялық бақылауға алынған.