Жаңалықтар

Петропавл зауытының директоры 45 млн теңге пара алғаны үшін сотталды

Петропавл зауытының директоры сотталды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Петропавл зауытының бас директоры атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 45 млн теңге сомасында пара алғаны үшін сотталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігі хабарлады.

ҚМА мәліметіне сүйінсек, 2022 жылы зауыт Қорғаныс министрлігінен әскери техниканы жөндеуге тапсырыс алғаны анықталды. Оны орындау кезінде жеке кәсіпкермен жалпы сомасы 283,3 млн теңгеге қосалқы бөлшектер жеткізуге шарт жасалды.

«Орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және шартты орындау кезінде жалпы қамқорлығы үшін бас директор атқарушы директор арқылы кәсіпкерден 100 мың АҚШ доллары сомасында пара алды», – делінген хабарламада.

Зауыттың бұрынғы бас директоры аса ірі мөлшерде пара алғаны үшін 11 жылға, атқарушы директоры 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар мемлекет кірісіне 40 млн теңгеге пара сомасына сатып алынған пәтер тәркіленді. Қалған 5 млн теңге сотталғандардан тең үлестермен өндірілді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің басшысы ұсталған.