Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың сатып алуларына мониторинг жүргізіп, нәтижесінде 2020 жылдан бастап бюджеттің 171 млрд теңгесін үнемдеген. Бұл жайлы агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Агенттік құзыреті шеңберінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің жоспарлы бағаларын көтеру тұрғысынан мемлекеттік сатып алу мен квазимемлекеттік сектордың сатып алуына мониторинг жүргізген.
«Агенттік сомасы 30 млрд теңгеге бағаның көтерілуіне жол бермеген. Ал 2020 жылдан бері шамамен, 171 млрд теңге үнемделген», – делінген баспасөз хабарламасында.
Агенттік бақылау барысында әртүрлі деңгейдегі әкімдіктер түрлі техника мен жабдықтарды, сондай-ақ құрылыс жұмыстарын сатып алу кезінде бағаның көтерілуіне жол беретінін анықтаған.
Мәселен, Көкшетау қаласында Құрылыс бөлімі арзанырақ бағаға сатып алуға болатын қосалқы трансформатор станциясын 1,1 млрд теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Ал Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін, баға 896 млн теңгеге дейін төмендетілген.
БҚО-да «Бөкейорда» мемлекеттік табиғи резерваты өрт сөндіру автомашинасы 95 млн теңгеге, жүк-жолаушылар көлігін 26 млн теңгеден есептеп, жалпы 174 млн теңгеге сатып алмақ болған.
«Ал негізінде олардың нақты құны 40%-ға төмен, яғни біреуі 69 млн және 18 млн теңге болған. Автокөліктердің бағасы қайта қаралды, үнемделген сома – 50 млн теңге», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.
Ал Павлодар облысында Ақсу қаласының Құрылыс бөлімі жалпы сомасы 3,7 млрд теңгеге 9 қабатты көп пәтерлі екі тұрғын үй салуды жоспарлаған. Ал 2023 жылдың қарашада ұқсас құрылыс 1,1 млрд теңгеге тұрғызылған. Бағаны қайта қарау нәтижелері бойынша құрылыстың жалпы құны 2 млрд теңгеге дейін төмендетіліп, 1,7 млрд теңге шығынға жол берілмеген.
Сонымен бірге Алматы қаласының Білім басқармасы да қаладағы 25 мектеп үшін 1,9 млрд теңгеге ас үй жабдықтарын жаңғыртуды жоспарлаған. Басқарма нарықтық құны 20 млн теңгені құрайтын жаңғырту қызметін 70-79 млн теңгеге сатып алмақ болған. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін, 23 мектеп бойынша сатып алу тоқтатылған. Тек екі мектеп бұл қызметті нарықтық құны бойынша сатып алуға бел буған. Осыдан кейін қалалық мәслихаттың шешімімен 1,8 млрд теңге мөлшеріндегі қалған сома бюджетке қайтарылған.
Еске сала кетсек, Президент «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойған болатын.
Заң жобасы негізінде:
- «мемлекеттік сатып алудың қоғамдық мониторингі» ұғымын енгізу және ол бойынша нормаларды регламенттеледі;
- әлеуметтік, экономикалық және экологиялық аспектілерді ескере отырып, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға негізделген «тұрақты мемлекеттік сатып алу» институты енгізіледі;
- әлеуетті өнім берушілердің рейтингі жасалады;
- мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тәсілдерін, мемлекеттік сатып алудың негізгі қағидаттарын және әлеуетті өнім берушіге қойылатын біліктілік талаптары бектіледі.