Алматы әкімдігі балалар алаңы мен автотұрақтарға қатысты қойылатын талаптарды өзгертеді. Ол өзгерістерге сәйкес алаңдар мен автотұрақтар жыл сайын боялып, көріктендірілу керек. Бұл жайлы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Алматыда балалар мен спорт алаңын, сондай-ақ автотұрақты күтіп ұстауға қатысты көріктендірудің жаңа ережесі бекітілді»,– делінген баспасөз хабарламасында.
Әкімдік бекіткен талаптарға сәйкес, алаң әрқашан техникалық жарамды күйде күтіп ұсталуы керек. Қыста қары күреліп, үнемі тазаланып тұруы тиіс. Жаңа талаптарға сәйкес мұндай орындар жылына кемінде бір рет боялуы керек.
Сондай-ақ балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ойын алаңдары жаяу жүргіншілер жолынан, көлік жүретін жолдан, автотұрақтан, қоқыс алаңдарынан алыс орналасуы керек. Алаңдарды жаңарту барысында ол жерде шығып тұрған ағаш тамырлары немесе салбырап тұрған бұтақтар болмау керек. Болған жағдайда алынып тасталуы керек. Сондай-ақ ескі, кесілген жабдықтың қалдығы, темір бөгеттердің болмауына мән беріледі.
Автотұрақтарға қатысты талаптар да қатая түседі. Жаңа нормаларға сәйкес газон төселген көгалды аймақтар автотұраққа айналып кетпес үшін арнай кедергілер қойылуы керек. Жаңа талап бойынша квартал мен аула ішінде жолға құрылымды өз бетінше орнатуға да тыйым салынады. Ал көліктерді тротуар бойына, көгалға және ойын алаңына қоюға тыйым салынады.
Еске сала кетсек, Алматы қаласында автотұрақтар саны артады. Қала басшысы Ерболат Досаев әкімдіктің қалада 30 мың автотұрақ орындарын салу үшін жер учаскелерін кері сатып алу жұмыстары жүргізіп жатқанын айтқан болатын.