Қайта оралды: бұрынғы Қаржы министрі «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің құрамына кірді

Жарияланды
Ерұлан Жамаубаев 4-5 айдан соң «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің құрамына қайта оралды / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Аружан Махсотова

Бұрынғы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Бәйтерек» холдингінің директорлар кеңесінің құрамына кірді. Бұл жайлы Қазақстан қор биржасының сайтында жазылған.

«Облигациялары Қазақстан қор биржасының (KASE) ресми тізімінде тұрған «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ жалғыз акционердің 2024 жылдың 16 шілдесіндегі шешімімен холдингтің Директорлар кеңесінің құрамына мынадай өзгерістер енгізілгенін KASE-ге хабарлады: Иргалиев А.А. шығарылды, Жамаубаев Е.К. сайланды», – делінген KASE хабарламасында.

Солайша бүгінде «Бәйтерек» ҰБХ» акционерлік қоғамының директорлар кеңесі 10 адамнан тұрады. Онда – премьер-министр Олжас Бектенов, премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин, президенттің кеңесшісі Ерұлан Жамаубаев, сондай-ақ тәуелсіз директорлар Мари-Хелен Берард, Дэниел Алан Витт және Норберт Манфред Грундке бар.

Айта кетсек, Қаржы министрінің қызметін атқарған 2020-2024 жылдар аралығында Ерұлан Жамаубаев директорлар кеңесінің құрамында болған. Яғни бірнеше ай өткен соң, ол бұл орынға қайта оралды.

Ал 20 мамырда Ақорда Ерұлан Жамаубаевтың Президент кеңесшісі қызметіне тағайындалғанын хабарлады.

Ол 2024 жылы ақпан айының басында Президент өкімімен тараған Әлихан Смайыловтың Үкімет үйінде вице-премьер және Қаржы министрі лауазымдарын қатар алып жүрген. Алайда жаңа премьер Олжас Бектеновтің командасына енбей қалды.

Жамаубаев Қаржы министрі лауазымына 2020 жылы тағайындалған болатын. Ал оған дейін әр жылдарда Ұлттық банкте, «Қазақстан тұрғын үй құрылыс банкінде» түрлі қызметтер атқарып келген. Сонымен бірге Президент әкімшілігінде де қызмет еткен. 2018-2019 жылдары ол бұрынғы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көмекшісі қызметін атқарған.

Сондай-ақ оқыңыз