V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары: қалай және қайда өтеді?

Жарияланды
V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Астана қаласында 21 спорт түрі бойынша өтеді / Фото: Астана әкімдігі

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 8-13 қыркүйек аралығында Астанада қаласында өткізіледі. Этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық спорттық жарыстар бойынша өтетін шараға әлемнің 89 елінен екі мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Бұл жайлы Елорда әкімдігінің ресми сайтында жазылған.

Шара қайда өтеді?

Ойындар үш бағыт – спорт, мәдениет және ғылым бойынша өтеді.

Шараны өткізу үшін қаланың 6 нысаны таңдалған. Олар: «Астана-Арена» стадионы, «Қазанат» ипподромы, Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы, «Алау» мұз айдыны, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешені, «Думан» кешені.

«Қазанат» ипподромында және Этноауыл аумағында ат жарысы, дәстүрлі садақ ату және құстармен аң аулаудың ұлттық түрлері бойынша жарыстар өтеді.

Ж.Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдыны сарайында ұлттық күрес, жекпе-жек және халық ойындары бойынша жарыстар өткізіледі.

Ал «Думан» кешенінде дәстүрлі зияткерлік ойындар өтсе, «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде аккредиттеу және жабдықтау орталықтары орналастырылмақ.

Ал ойындардың ғылыми бағдарламасының іс-шаралары ҚР Ұлттық музейінде өткізіледі деп жоспарланып отыр.

«Қазанат» ипподромына іргелес жатқан оңтүстік-батыс жақтағы 10 га аумақта «Көшпенділер әлемі» этноауылы орналастырылады. Бұл «V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» мәдени бағдарламасын өткізетін басты алаң болады.

Бұл жерлерден бөлек осы ойынға қатысты іс-шаралар Астананың түрлі алаңдарында, саябақтарда, скверлер мен басқа да қоғамдық кеңістіктерде, театрлар мен концерт залдарында, кинотеатрлар мен мұражайларда, көрме павильондарында өткізілмек.

Жарыс қандай спорт түрлері бойынша өтеді?

Әкімдік сайтында V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында спорттың 21 түрінен жарыс өткізілетіні жазылған. Сондай-ақ олар бойынша 100-ге жуық медаль жиынтығы ойнатылатыны хабарланған. Ол ойындар тізімі келесідей:

  • Асық ату
  • Ордо
  • Арқан тартыс
  • Бәйге
  • Көкпар
  • Аударыспақ
  • Теңге ілу
  • Қазақ күресі
  • Ашыртмалы аба гүреши
  • Кореш (белбеу татар күресі)
  • Көкборуу
  • Алыш
  • Мас-рестлинг
  • Powerful nomad (алыптар сайысы)
  • Тоғызқұмалақ (тоғызқорғұл)
  • Мангала
  • Овари
  • Жамбы ату
  • Дәстүрлі садақ ату
  • Құсбегілік
  • Құраш (өзбек күресі)

Айта кетсек, Америкалық ковбойлар 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар тартады. Бұған дейін АҚШ-тың көкпардан ұлттық құрамасы 2018 және 2022 жылдары Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысқан.

Ол ойынар Қырғызстан мен Түркия елінде ұйымдастырылған болатын. Жалпы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алғаш рет Қырғызстанда (2014 жылы) өтіп, кейінгі екі рет тағы (2016 және 2018 жылдары) осы елде ұйымдастырылды. Ал 2022 жылы Түркияның Изник қаласында өтті. 

Сондай-ақ оқыңыз