Қылмыстық топ құрып, Qarmet компаниясынан қомақты қаражат ұрлаған екі азамат іздестіріліп жатыр

Жарияланды
ІІМ «Qarmet» акционерлік қоғамынан аса ірі мөлшерде ақша ұрлаған азаматтарға іздеу салды / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Аружан Махсотова

Ішкі істер министрлігі қылмыстық топ құрып, «Qarmet» акционерлік қоғамынан аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдікпен екі адамның іздестіріліп жатқанын хабарлады.

«Ішкі істер министрлігі «Qarmet» АҚ-дан ұрлық жасады деген күдікпен аса ірі мөлшерде қылмыстық топпен жасалған алаяқтық фактісі бойынша тіркелген қылмыстық іс бойынша 2 азаматы іздестіруде»,- делінген баспасөз хабарламасында.

Іздестіріліп жатқандардың бірі Абай облысының тумасы. Аты-жөні – Ахметжанов Мирас Қалымбекұлы. 1987 жылы дүниеге келген азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.

Екіншісі – Чижевский Андрей Александрович. 1987 жылы туған, Қостанай облысының тумасы. Екеуін де бұлтартпау шарасы бойынша «қамауда ұстау» туралы бұйрық шыққан.

Полиция іздеуде жүрген адамдардың орналасқан жері туралы ақпарат болса, дереу мына нөмірлерге хабарлауды сұрайды:

  • 8-705-177-14-19;
  • 8-702-975-62-48;
  • 8-775-299-79-97;
  • 8-7172-72-20-99 

Сонымен бірге Астана қаласы, Тәуелсіздік даңғылы 1 мекенжайы бойынша орналасқан ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментіне хабарласуға болады.

ІІМ анонимділікке кепілдік береді.

Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі ақпанда Qarmet кеншілерін бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған болатын. Ол кезде Qarmet АҚ-ның жұмыскерлерімен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтаудың екінші кезеңі өткізілгені хабарланды.

Ал бірінші кезең операциясы желтоқсанда жүргізіліп, Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Оларды тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталған.

Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.

Сондай-ақ оқыңыз