Туризм министрлігінің бұйрығы: букмекерлік кеңселер құмар ойынның зияны жөнінде ескерте бастайды
Туризм және спорт министрлігі құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескерту мәтіні мен эскиздерін бекітеді. Бұл жайлы «Ашық НҚА» сайтына орналастырылған министрлік құжатында жазылған.
Құмар ойынның зияны туралы мәтіндер мен эскиздерді букмекерлік кеңселер мен конторалараға ілу міндеттеледі. Сонымен бірге букмекерлік сайттарда осы ескертпелері бар эскиздер жарияланады.
«Бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертулердің мәтіні, құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертулердің эскиздері бекітілсін», – делінген құжатта.
Құжат түсіндірмесінде бұл мәтіндер мен эскиздер «Ойын бизнесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес келу мақсатында бекітілетіні жазылған.
Мәтіндер мен эскиздер мазмұнына құмар ойынға және бәс тігуге қатысудың қауіптері мен зияны туралы ескертпелер кіреді.
Онда құмар ойындарға және бәс тігуге деген шамадан тыс құмарлық жеке тұлғаға үлкен тәуекелдер мен зиян тигізетіні айтылады. Мәтін мазмұны мыналарды қамтиды:
Тәуелділік: құмар ойындарға қатысушы және (немесе) бәс тігу мінез-құлықты бақылауды жоғалтады және ойнауды тоқтата алмайды;
Психикалық денсаулық: стресс, мазасыздық, депрессия және басқа психикалық бұзылулар;
Әлеуметтік салдары: отбасымен, достарымен және әріптестерімен қарым-қатынастың нашарлауы және әлеуметтік оқшаулану;
Жұмыс пен оқуға әсері: кәсіби қызмет пен оқуға теріс әсер етеді, өнімділік пен оқу үлгерімін төмендетеді.
«Тәуекелдерді азайту үшін жауапкершілікпен ойнау, құмар ойындарға және (немесе) бәс тігуге жұмсалатын уақыт пен қаражат лимиттерін белгілеу, сондай-ақ тәуелділіктің алғашқы белгілерінде мамандардан көмек сұрау маңызды», – делінген құжатта.
Еске сала кетсек, 8 шілде күні президент Қасым-Жомарт Тоқаев ойын бизнесі, лотерея қызметі және лудоманияға қатысты заң жобасына қол қойды. Заңға халықтың құмар ойынға тәуелділігін төмендетуге бағытталған шектеуші және ынталандырушы нормалар енгізілген.
Атап айтқанда, құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына тыйым салынатын адамдар санатының тізімі кеңейтілді. Енді олардың қатарына Борышкерлердің бірыңғай тізілімінде тұрған тұлғалар қосылды. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеу енгізу арқылы жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың құмар ойындарға/бәс тігуге қатысуына шектеу қойылады.