Lifestyle

Үздік анимациялық жоба: Алматыда 80 мультфильм көрсетілетін халықаралық фестиваль өтеді

Алматыда 80 мультфильм көрсетілетін фестиваль өтеді / almaty.animation.fest

26 шілде мен 28 шілде аралығында Алматыда екінші рет халықаралық Almaty animation festival өтеді. Фестиваль ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мемлекетаралық гуманитарлық ынтымақтастығы қорының қолдауымен өтеді. 

Ұйымдастырушылар бұл бірегей фестиваль көрермендерді әлемдік анимация индустриясының заманауи трендтерімен таныстырып, анимациялық өнердің алуан түрлі екенін тамашалауға мүмкіндік беретінін айтады.

Биыл фестивальға 52 елден 250-ден астам жоба келіп түскен, оның ішінен конкурс бағдарламасына іріктеуден 80 мультфильм өткен. Сонымен қатар биыл фестивальде деректі фильмдер, эксперименттік мультфильмдер және музыкаға арналған бейнелер бойынша бөлек байқаулар өтеді.

Фестивальде Жапония, Германия, АҚШ, Нидерланды, Корея, Канада және басқа елдердің үздік анимациялық жобалары көрсетіледі. 

Қазақстаннан «Орталық Азия» байқауына бес туынды өткен. Оның біріншісі – Маржан Жұбаныш Жүнісбектің «Бұл жұмақ» («It is paradise») туындысы. Бұл – жұмыстан қашып, жеңіл жолдан ләззат іздеген бас кейіпкердің ұзақ жылдарды қалай өткізгенін көрсететін кішігірім видео. Еңбекқор адам ғана көптеген мүмкіндікке қол жеткізе алатыны белгілі. Соны кеш түсінген кейіпкер арқылы автор жас бүлдіршіндерге ой салуды мақсат етеді. 

Байқауға өткен тағы отандық шығарма – Дінмұхамед Қайрулланың  «Жолдас» («Tovarisch») деп аталатын туындысы. Көктем, 1953 жыл. ІІХК(Ішкі Істер Халық Комиссариаты) офицері әдеттегідей таңғы жұмысын атқарып жүреді. Алайда таңертең бұл тыныштықты есік қағылған үн бұзады. Оқиға қалай жалғасқанын «Tovarisch» туындысы баяндайды.

Байқауға Мадина Тәмбағамбетованың «Бірге» («Birgé») деп аталатын туындысы да өткен. Сюжет бойынша кейіпкер қыз ғашық болып, серіктесімен жақын байланыста болады. Алайда оны тастап кеткеннен кейін, ол жалғыздық күйін кешеді. Ішкі күшін қайта ашу үшін жақсы көре білуді жаңадан үйренуі керек болады. Фильм осы тақырып төңірегінде өрбиді.

Ірітеуден өтіп, жүлдеге таласатын келесі туынды – «Өнер армиясы ордені» (“Order of the Army of the Arts“). Авторы – Камила Әбдіғаппарова. Бұл саяси режимдер әсер еткен өнер тұжырымдамасын бұзған абстрактілі анимациялық видео.

Сонымен қатар іріктеуден «Ninety One — Synbaim» шығармасы да өткен. Авторы – Амал Темербаев. Бұл махаббат, табиғат және өмір шеңбері туралы баяндайтын Ninety one тобының «Сынбаймын» әніне жасалған анимациялық видео. 

«Almaty Animation Festival-2024» байқау бағдарламасы жеңімпаздарды бірнеше номинация бойынша анықтайды, атап айтқанда:

  • Үздік халықаралық анимациялық фильм
  • Студенттер арасындағы үздік анимациялық фильм
  • Орталық Азияның үздік анимациялық фильмі
  • Үздік эксперимент анимация
  • Музыкаға арналған үздік анимациялық видеоклип 
  • Үздік анимациялық деректі фильм

Әрбір байқауды тәуелсіз және білікті қазылар алқасы бағалайды. Қазылар алқасының құрамы мен қатысушылар тізімі жақын күндері brod.kz сайтында және Instagram желісіндегі almaty.animation.fest парақшасында жарияланады.

Сонымен қатар фестиваль өзін дамытамын деушілерге де қызық болмақ. Ұйымдастырушылар қатысушыларды «Ara Studios»  және «Taskyn» студияларынан шеберлік сабақтары мен басқа да қызық шығармашылық кездесулер, пікірталастар мен танымал режиссерлердің қызықты лекциялары күтетінін хабарлады.

Ал байқауда ұсынылған туындыларды көргім келеді деушілерге кіру тегін. Фестиваль  26, 27 шілде күндері Бәрібаев 36 мекенжайындағы «Трансформа» театрында, 28 шілде күні Досмұхамедов 78А мекенжайы бойынша «Bunker» арт-баспанасында өтеді. Фестивальдің толық бағдарламасымен almaty.animation.fest инстаграм парақшасынан таныса аласыз.