Жаңалықтар

Төтеншеліктерге қару-жарақ пен әскери техника берілмек

Сотрудникам МЧС могут разрешить пользоваться оружием и военной техникой
ТЖМ қызметкерлеріне қару-жарақ пен әскери техника беруді ұйғарып отыр/ kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлеріне қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға рұқсат берілмек. 24 шілдеде «Ашық НҚА» порталында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің қаулысы жарияланды.

«Қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілердің тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 24 қазандағы № 798 қаулысына толықтыру енгізу туралы» Үкімет қаулысының жобасы 7 тамызға дейін талқыланады.

Қаулы бойынша Төтенше жағдайлар министрлігін қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалануға құқығы бар субъектілердің тізбесіне енгізу көзделген.

«Жобаның негізгі мақсаты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігін азаматтық қорғаныс саласындағы ішкі істер министрлігінің құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқоры ретінде қару-жарақ пен әскери  техниканы пайдалануға құқығы бар субъект ретінде айқындау болып табылады», – делінген құжатта.

Бейбіт уақытта азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері жауынгерлік даярлықты ұйымдастыруға, басқару пунктерін күзетуге, төтенше жағдай жарияланған аймақтарға жүктерді тасымалдауға, алып жүруге және көзден таса қылмай күзетуге міндетті. Қаулыда осы міндеттерді орындау үшін қару-жарақ пен әскери техника қажет екені айтылған.

ТЖМ құрамындағы департамент базасында Төтенше жағдайлардың алдын алу комитеті құрылды. Үкімет комитетті қаржыландыруға 1,6 млрд теңге бөлді.