Жаңалықтар

«Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі: Ираннан шыққан алғашқы жүк пойызы Қытайға бара жатыр

kursiv.media

Қытай мен Иран арасындағы темір жол қатынасы жанданды. Бұл темір жол Түркіменстан мен Қазақстан арқылы өтеді.

Шілде айында Иран, Қазақстан, Түркіменстан «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізін дамытуға арналған жол картасын іске қосты.

Қазақстан шойын жолды Үнді мұхитына шығатын ең қысқа транзит деп бағалап отыр.

21 шілде күні Тегеранға жақын жерде орналасқан елдің ең үлкен құрғақ порты – Априннен пайдалы қазба тиелген жүк вагондары алғаш рет жолға шықты. Бұл керуен Түркіменстан мен Қазақстанды асып, Қытайдың Иу қаласына тоқтайды. Жүк пойызы екі аптада 10 мың шақырымды бағындырып, діттеген жеріне жетпек.

Иран темір жолының басшысы (RAI) Миад Салехи Тегеран Қытай үшін Еуропа нарығына шығатын қауіпсіз жол ұсынып отырғанын айтты.

Қазақстан бұрын Иранға теңіз арқылы пайдалы қазбалар тасымалдайтын. «Солтүстік – Оңтүстік» жобасы нарық бәсекесіне жол ашып отыр. Санкциядан тарығып отырған Ресей алдағы жылдары жүк көлемін ұлғайтуға мүдделі. Үндістан, БАӘ және Сауд Арабиясы осы дәліз арқылы нарықты кеңейтуге қызығушылық танытқан.

Көлік министрі Марат Қарабаев 2024-2025 жылдарға арналған «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс маршруты арқылы жүк жөнелтілімін 2027 жылға қарай жылына 15 млн тоннаға дейін, ал 2030 жылға қарай 20 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отырғаны хабарлады. Қазақстан осы транзиттік бағыт бойынша жүк тасымалдайтындарға 50% жеңілдік жасайды.

Қазақстан осыған байланысты инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық бермек. Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласынан Түрікменстан елінің шекарасына дейін апаратын жол жөнделеді. «Жаңаөзен – Кендірлі – Түрікменстан шекарасы» автожолының ұзындығы – 229 шақырым. Бұл жоба Кендірлі курорттық кентінің және Маңғыстау облысының туристік әлеуетін одан әрі дамытуға ықпал етпек.