Жаңалықтар

Елімізде Оңтүстік Корея, Ұлыбритания университеттерінің филиалдары ашылады

Астанада британдық, Алматы мен Түркістанда Оңтүстік Корея университеттері ашылады / Коллаж: kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Алматы іргесіндегі Ядролық физика институтының жанынан Оңтүстік Кореяның KAIST озық ғылым және технологиялар институтының филиалы ашылады. Ал 2025 жылы Астанада британдық Кардифф университетінің филиалы жұмысын бастайды. Бұл жөнінде Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, KAIST (Korea Advanced Institute of Science & Technology)  университеті электротехника, информатика, машина жасау және инженерия салаларында инновациялық зерттеулерімен және ғылыми жаңалықтарымен әлемге әйгілі.

 «Бұл Оңтүстік Кореядағы ең күшті ұлттық зерттеу университеті, құрылу тарихы 50 жылға дейінгі әлемдегі ең үздік 3 университеттің бірі. Біз оны Алматы маңындағы Алатау  елдімекеніндегі ядролық физика институты бар арнайы ғылым аймағына көшіруді жөн деп санадық», – деді министр онлайн форматта өткен брифингте.

Министр KAIST университеті оқыту бағдарламаларын тегін беретінін айтты. Сондай-ақ Оңтүстік Кореяның тағы бір университетінің филиалы Түркістанда ашылады. Саясат Нұрбек WOOSONG университетін ашу үшін 1,2 гектарды құрайтын жер телімі тегін берілетін де айтады. 

«Жекеменшік университет Түркістан қаласында орналасады. Өте мықты университет. Келесі жылы киберқауіпсіздік және компьютерлік инженерия және DATA мамандықтары бойынша оқыту басталады», – деді Саясат Нұрбек.

Ал ел астанасында британдық жоғарғы оқу орыны ашылады деген жоспар бар. Ведомство басшысының мәлімдеуінше, 2025 жылы Кардифф университетінің филиалы ашылады деп күтілуде. Университетті ашу туралы меморандумға қол қою тамыздың 14-15 күндеріне жоспарланған.

Кардифф университеті 1883 жылы Уэльсте құрылған. Бұл – беделді Russell Group құрамына кіретін Ұлыбританияның жетекші зерттеу университеттерінің бірі.

Айта кетейік, қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдары шетелде ашылмақшы. Мәселен, Ресейдің Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалы ашылады. РФ ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары Константин Могилевский мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ректоры Жансейіт Түймебаев тиісті құжатқа қол қойды.