Туған қыздарын жылдар бойы зорлаған екі азғын әкенің ісі сотта қаралуда. Оның бірі –жоғары лауазымды әскери қызметкер

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Екі әке де туған қыздарына жылдар бойы жыныстық қысым көрсетіп қорқытып келген / Фото: kursiv.media 

Алматы облысында туған қыздарын жылдар бойы зорлап келген азғын әкелерге қатысты екі резонанстық қылмыстық іс аяқталуға жақын. Бірі екі қызына 10,16 жасынан бастап азғындық көрсетіп келсе, енді бірі қызына 6 жасынан бастап жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп келген. Қызына небір азғындық жасаған әкенің бірі жоғары лауазымды әскери қызметкер болып шықты. Аты шулы істер жайында адвокат Айман Омарова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

«Туған қыздарына жыныстық қысым көрсету туралы екі резонанстық қылмыстық іс аяқталуға жақын. Сот әрбір іс бойынша заңды әрі әділ шешім шығарады деп сенеміз. Бұған дейін жәбірленушілер ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мен «СамұрықҚазынаТраст» қолдауымен жүзеге асырылатын «One-Stop-Service» («Бір Қадам») жобасына жүгінген болатын», – деп жазды Айман Омарова.

Оның айтуынша 23 шілдеде күдіктеге қатысты қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық әскери сотында жарыссөз аяқталған. Айыптаушы тарап оны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

«Ол 6 баланың әкесі бола отырып, өзінің кішкентай қызына 6 жасынан бастап жыныстық зорлық-зомбылық жасап қорлаған. Айыпталушы кеше сөйлей алмай, жылап жіберді: білмедім қорқыныштан ба, өкініш пе, әлде өзін аяғандықтан ба», – деп жазды Айман Омарова.

Сондай-ақ адвокат Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында (судья А. Қасенова) өзінің екі туған қызына жыныстық зорлық жасады деп айыпталған Ахмет Цулаевқа қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатқанын мәлімдеді.

Педофилия бойынша азғындық жасағандардың басым көпшілігі – баланың әкесі

Kursiv.media.kz Youtube арнасының «Ертең Үшін» подкасында құқық қорғаушы, заңгер Ләззат Рақышева сұхбат беріп, педофилия бойынша жәбір көрген қыз балалардың оқиғасын баяндап берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Алматы облыстық сотында екі қызды үш адвокат қорғап жатыр. Әкесі бір қызын 10 жасынан 21 жасына дейін, тағы бір қызын 16 жасынан 20 жасына дейін зорлап келген. Бір отбасыда бір әке екі қызын зорлаған.

«Тағы бір істі сотқа жібердік. Бұл отбасыда бес ұл, бір қыз бар. Қыз – ортаншы перзент. Сол қызына әкесі «Барлық әке мен қыздың арасында осындай құпия болады, анаңа айтпа» деп, қызына неше түрлі азғындық жасаған. Зорлықтың неше түрі бар, бұл тек жыныстық зорлау болмауы мүмкін. Ал бұл жағдайда әкесі порнографиялық видеоларды көріп, оны қызына көрсетіп, сосын сондағы дүниелерді қызына жасайтын болған. Осылай қызын жеті жасынан 11 жасына дейін қорлаған. Қазір тергеу амалдары аяқталды. Бұл еркек жоғары лауазымды әскери қызметкер екен«,– деді Ләззат Рақышева «Ертең Үшін» подкасына берген сұхбатта.

Сондай-ақ оқыңыз