Қор нарығына шолу: бигтехтің құлдырауы, АҚШ-тағы «Алтын шаш» сценарийі, ЕО экономикасындағы түйткілдер

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Еуропалық зауыттар Қытай экспортымен бәсекелестікке төтеп бере алмай, жабылып жатыр. Ал АҚШ экономикасы инфляция қарқыны бәсеңдеген кезде тұрақты өсім көрсету үстінде. Дегенмен бигтех акцияларының құлдырауына байланысты Американың қор нарығындағы жағдай алаңдаушылық туғызып отыр. Сарапшылар қазіргі ралли аяқтала ма, жоқ па, инвесторлар ЖИ әлеуетінен толық күдер үзді ме, жоқ па деп, не ойларын білмей жатыр.

Берген есептері инвесторлардың көңілінен шықпаған бигтех өкілдерінің АҚШ-тағы акциялары құлдырап барады

Инвесторлар америкалық ірі компаниялардың екінші тоқсандағы алғашқы есептеріне көңілі толмады. Акциялар құлдырап барады, себебі АҚШ-тағы қазіргі раллиге дем беріп отырған жасанды интеллект төңірегіндегі дүрбелең өзін-өзі ақтамады деген пікір пайда болды дейді Bloomberg. «Инвесторлар ЖИ-ға салған инвестицияның тап қазір табыс көзі емес, тек қана шығын екенін ақыры түсінді», – деді The Boock Report өкілі Питер Буквар.

Құлдырап бара жатқан ірі технологиялық компаниялар акциялары өзімен бірге АҚШ-тың негізгі қор индекстерін де ала кетіп жатыр. Мысалы, Alphabet Inc. 5%-ға арзандады, себебі тоқсандық есепте көрсетілген ЖИ-ге жұмсалған шығын мөлшері сарапшылар күткеннен де жоғары. Tesla акциялары Robotaxi жобасы кешіктірілуі себебімен қолынан шығып кеткен табысқа байланысты 12,3%-ға төмендеді. Оның артынан S&P 500 индексі 2,31%-ға, NASDAQ 3,64%-ға, Dow 1,25%-ға құлдырады. S&P 500 бен NASDAQ үшін кешегі сауда 2022 жылдан бергі ең нашар сауда болды.

Бұл нарық дүрс етіп құлап түсейін деп тұр деген сөз емес. Алайда бұл – инвесторлар үшін ескерту. Өйткені, біріншіден, ЖИ-ді ақшаға айналдыру жолы белгісіз, екіншіден, нарықтың бигтех қағаздарына шоғырлану қаупі жоғары.

Goldman Sachs Group өкілдері Nasdaq 100 және S&P 500 индекстері сауда жөніндегі консультанттарға акцияларды сатуға белгі беретін шекті мәндерден асып кетті деп есептейді. Банктердің есептерінен көрінетіні, егер нарық құлдырай беретін болса, нақты ережелер бойынша жұмыс істейтін трейдерлер 32,9 млрд доллар сомасындағы акциялардан құтыла алады. Сарапшылар: «Ондайда 7,9 млрд доллар АҚШ нарығынан кетеді. Нарық өрістеген жағдайда да трейдерлер 902 млн долларға америкалық акцияларды сатып жібере алады,»– дейді .

Еуропадағы құлдырау салдарынан Michelin өз зауыттарын жабу мүмкіндігін қарастырып жатыр

Michelin компаниясы Еуропадағы күрделі экономикалық жағдай шиналарға деген сұранысты төмендетіп, сол себепті Германия мен Польшадағы артық зауыттарды жабу туралы шешім қабылданғанын айтады деп жазады Bloomberg. «Өңірдегі құрылымдық қиындықтар Еуропадан экспорт жасауды бұдан былай мүмкін емес етті, – деп мәлімдеді бас директор Флоран Менего баспасөз конференциясында. – Энергия құны шамадан тыс жоғары, ал Еуропа нарығы бәсекелестіктің барлық түріне ашық, сол себепті бізді Қытайдан келетін арзан шиналар жаншып тастады».

Менего «әлдеқайда жоғары» жалақы, логистика және әлеуметтік төлемдерге байланысты Еуропадағы өнеркәсіптің шығыны өте жоғары екенін атап өтті. Michelin зауыттардың ешқайсысын сатпайды, себебі ол «технологиялардың берілуін» қаламайды деді бас директор. Құлдыраған сұраныстың орнын толтыру үшін Michelin, тау-кен, авиация және ауыл шаруашылығы салаларына арналған шиналарды қоса алғанда, өнім қымбатқа сатылатын секторларға бейімделіп жатыр екен.

Жалпы, әңгіме жүйелік мәселелер туралы болып отыр. Мәселен, өңірдегі ірі экономика – S&P Global-дың Германиядағы сатып алу бойынша менеджерлер индексі, елдің өндірістік секторындағы жағдай нашарлағандықтан, күтпеген жерден 50,4-тен 48,7-ге түсті. Бұл жағдай жылдың екінші жартысында өсім жеделдейді деген үмітті азайтады.

АҚШ экономикасынан үшінші тоқсанның басында «Алтыншаштың» белгілері байқалып отыр

Еуропада мәселе күшейіп жатыр, ал АҚШ экономикасы инфляцияның төмендеуі аясында тұрақты өсу белгілерін көрсетіп отыр. Экономистер бұл модельді «Алтыншаш» сценарийі деп атайды дейді Yahoo Finance.

S&P Global мәліметінше, шілде айында АҚШ-та іскерлік белсенділік соңғы 27 айдағы ең жылдам қарқынмен өсу үстінде. Соңғы есептеулерге сәйкес, қызмет көрсету және өндіріс секторларындағы белсенділікті қамтитын PMI композиттік индексі маусымда 54,8 болса, енді 55-ті құрады. Ал тауарлар мен қызметтердің бағасы, S&P Global есебіне сәйкес, шілде айының басынан бері қаңтар айынан бастап ең баяу қарқынмен және 2020 жылдың қазанынан бастап екінші орындағы үлкен қарқынмен өсті.

Бұл мәліметтер АҚШ экономикасындағы жағдай нашарламай тұрып ФРЖ мөлшерлемелерді төмендететініне инвесторлардың сенімін күшейтеді. Қыркүйекте алғашқы төмендету ықтималдығы CME FedWatch құралына сәйкес 100%-ға бағаланады.

Сондай-ақ оқыңыз