4 пайыздық автонесие бағдарламасы басталғаны туралы жалған ақпарат тараған

Жарияланды 25 Шілде 2024 10:47

(жаңартылды 25 Шілде 2024 12:41)
Үмітжан Бакелекова

Үмітжан Бакелекова

Business News бөлімінің редакторы u.bakelekova@kursiv.media
4 пайыздық автонесие
Қазір «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасын жүзеге асырып жатқан жоқ / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Әлеуметтік желілерде 4 пайыздық автонесие бағдарламасының пилоттық жобасы басталған туралы ақпарат тараған. Алайда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ бұл жалған ақпарат екенін хабарлайды.

«Өтінімдерді қабылдаудың болжамды басталуы және https://autoneseie.kz//1cb/ сайтында несие берудің жеңілдікті шарттарын алу мүмкіндігі туралы барлық хабарлама жалған және шындыққа жанаспайды», – делінген хабарламада.

Сондай-ақ таратылған хабарламаларда аталған Әлібек Ахметов «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қызметкері емес, телефон нөмірі мен веб-сайты да жалған.

Қазір «Өнеркәсіпті дамыту қоры» жеңілдікті автонесиелеу бағдарламасын жүзеге асырып жатқан жоқ. 2023 жылдың маусымынан бері Қор бағдарлама қаражатын жолаушы автобустарын лизингтік қаржыландыруға қайта бағыттап келеді.

«Біз барлық мүдделі тұлғаларды тек ресми ақпарат көздеріне – https://idfrk.kz/kz/  «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ ресми сайтына және әлеуметтік желілердегі ресми аккаунттарға жүгінуге шақырамыз. Қаржыландыру бағдарламалары және Қордың қызметі туралы кез келген ақпарат тек осы платформаларда жарияланады, содан кейін БАҚ арқылы таратылады», – деп ескертеді қор.

4 пайыздық автонесие тарихы

Қазақстанда жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасы 2022 жылдың мамырында басталды. Оны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерге («Қазақстан Халық банкі» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Еуразиялық Банк» АҚ) 100 млрд теңге бөлінді.Автокредиттің орташа мөлшері 7,8 млн теңгені құрады.

Сол жылы шілде айында бағдарламаға бөлінген қаржы таусылғандықтан, банктер өтініш қабылдауды уақытша тоқтатты.

Былтыр арнайы платформа құрылып, 6 ақпан күні 4 пайыздық жеңілдетілген несиеге autonesie.kz сайтында өтінім қабылданған. Бұл жолы банктер пулға қатысушылардан 5,171 млрд теңге сомаға 569 өтінімін мақұлдады.

2023 жылдың мамыр айының басында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев автонесие беру бағдарламасына өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатқанын мәлімдеген болатын.

Сол кезде 4 пайыздық автонесие бағдарламасы жұмысын тоқтатып, қаражат тек лизингпен автобус алуға бөлінетіні белгілі болды.

Жалпы, автобустарды лизингтік қаржыландыру 5 жыл бұрын қолға алынған. Осы уақыт ішінде қор 3818 жолаушылар автобусын сатып алуды қаржыландырған.

Енді қосымша қаржы жылына 700 автобусты жаңартуға мүмкіндік береді екен. Осыған байланысты, Қор «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен министрлікке осы қаражатты жолаушылар автобустарын лизингтік қаржыландыруға бағыттауды ұсынған.

Сондай-ақ оқыңыз