«Қазатомөнеркәсіп» Жалпақ кен орнының «Шығыс» учаскесінде уран барлауға рұқсат алды

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
«Шығыс» учаскесінде
«Шығыс» учаскесінде уран барлау жұмысы жүргізіледі / Коллаж kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы» Түркістан облысында орналасқан Жалпақ кен орнының «Шығыс» учаскесінде уран барлау құқығын алды.

«Шығыс» учаскесінде Р1 және Р2 санаттарындағы уран ресурсы бары анықталған. Алдын ала бағалау бойынша, болжамды уран ресурсы 30 мың тоннаға дейін жетеді. Уран ресурстарын С2 және С1 санаттағы қорларға көшіру үшін барлау жұмыстарын одан әрі жалғастырудың орындылығы расталған. Соның нәтижесіне қарай учаскеде нақтыланған уран қорлары анықталатын болады.

«Қазатомөнеркәсіп» алдағы 6 жыл барлау жұмыстарын жүргізіп, анықталған уран қорын мемлекет балансына өткізуді жоспарлап отыр.  

«Біз уран кен орындарын іздеу және барлау саласындағы күш-жігеріміз Қазақстанның уран саласындағы жетекші әлемдік көшбасшы ретіндегі позициясын нығайтуға ықпал ете отырып, айтарлықтай нәтижелер әкелетінін мақтанышпен атап өтеміз, бұл уран нарығындағы өскелең сұраныс кезінде ерекше маңызды. Біздің зерттеулер мен әзірлемелеріміз бұдан кейін де уран ресурстарымызды едәуір арттырып, жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті одан әрі қамтамасыз етуге және еліміздің экономикалық өсуіне ықпал ететініне сенімдімін», – деді Қазатомөнеркәсіптің Басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.

Бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» Инкай кен орнының №3 учаскесінде уран өндіруге жаңа келісімшарт алған болатын. Түркістан облысының Созақ ауданында орналасқан кен орны – Қазақстанның негізгі уран кен орындарының бірі. Кен орнының №3 учаскесіндегі уран қоры шамамен 83,1 мың тоннаға бағаланады. «Қазатомөнеркәсіп» уран кен орнының жаңа учаскесін игеруді жоспарлап отырғанын 2023 жылдың жазында хабарлаған.

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт тәжірибелік-өнеркәсіптік өндіру кезеңін қоса алғанда, әзірленетін жобалау құжаттарының негізінде 25 жыл мерзімге жасалмақ. Инкай кен орнының №3 учаскесінде жылына ең жоғары қуаты 4 000 тонна уран болатын өндірістік объектілер салу жоспарланған.

«Қазатомөнеркәсіп» – Қазақстанның уран мен оның қосындыларын, сирек металдар, атом электр станцияларына арналған ядролық отын және арнайы техниканы экспорттау жөніндегі ұлттық операторы.

Қазіргі уақытта компания акционерлерінің құрылымы келесідей: «Самұрық-Қазына» АҚ – 63%, Қаржы министрлігі – 12% акцияға ие, 25% акциясы еркін айналымда жүр.

Сондай-ақ оқыңыз