Жаңалықтар

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатта күйік шалған тағы 3 жұмысшы қайтыс болды

Күйік шалған 4 науқастың жағдайы ауыр / Фото:shutterstock

Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатта күйік шалған 8 жұмысшының тағы үшеуі қайтыс болды. Бұған дейін күйік шалған бір жұмысшы реанимацияда көз жұмған еді.

«Өкінішке қарай, бүгін ауруханада біздің әріптестеріміз технолог Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро және бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген Елеуұлы қайтыс болды. Әріптестеріміздің отбасылары мен жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз», – делінген YDD Corporation хабарламасында.

1981 және 1987 жылы туған науқастар ауруханада ес жимастан көз жұмған. Төрт науқас ауыр хәлде жатыр. Бұған дейін қайтыс болған Мұзафар Исмаилов 31 жаста еді. Оның денесінің 85 пайызын қатты күйік шалған.

Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді. 

ДСМ басшысы Ақмарал Әлназарова күйік шалғандар ауруханаға жедел жәрдем көлігімен жеткізілмегенін «қажеттіліктен туындаған шара» деп айтқан. ДСМ басшысы адам денесіндегі күйік 60 пайыздан асса, өте қауіпті саналатынын айтып өтті. Министрдің пікірінше, науқастың ауруханаға жай көлікпен жеткізілуі оның жағдайына еш әсер етпеген. Жұмыс беруші науқастарды тез арада ауруханаға жеткізуге шешім қабылдаған.