Стамотологиялық клиникалар тіс емдеуге алынған БЖЗҚ төлемдерін заңсыз шығаруға көмектескен

Жарияланды
General News бөлімінің редакторы
«Отбасы банк» хочет привлечь к ответственности тех, кто использовал пенсионные на лечение зубов не по назначению
БЖЗҚ төлемдерін тіс емдеуге алуға неліктен тыйым салынды? / коллаж kursiv.media, бильд-редактор: Денис Андреев

«Отбасы банк» Үкіметтің БЖЗҚ төлемдерін тіс емдеуге алуға тыйым салу туралы шешімінің себептерін түсіндірді.

2024 жылдың өзінде 23 шілдеге дейін банк арқылы емделуге 435,1 млрд теңге біржолғы зейнетақы төлемдері пайдаланылған. Бұл соманың шамамен 98%-ы стоматологиялық қызметтерге кеткен.

Дегенмен емделуге жұмсаған біржолғы зейнетақы төлемдерін тексеру кезінде қаржыны мақсатсыз пайдалану жағдайлары анықталған. Яғни кейбір клиникалар зейнетақы жинақтарын қолма-қол ақша түрінде шығарып алуға көмектескен.

Банк бұл фактілерді қалай анықтаған:

  • стоматологиялық клиникалардың орналасу мекені клиенттердің тұратын жеріне және медициналық тіркеуге сәйкес келмеген;
  • клиникаларда клиенті болдық деген азаматтар оны көрсетілген стоматологиялық қызметтер алу туралы анықтамалармен растамаған;
  • бірқатар клиент өздерінің зейнетақы төлемдерін ешқандай стоматологиялық қызмет алмай, делдалдар арқылы және ақшалай сыйақы төлеп алғандарын түсіндірген;
  • БЗТ қаражаты есебінен емделу үшін міндетті құжаттардың тізбесіне кіретін, азаматтардың медициналық тіркелген жері бойынша дәрігерлік комиссиялардың қорытындыларында қол қоюға құқығы жоқ сондай-ақ дәрігерлік комиссияның мүшелері болып табылмайтын, тіпті медициналық мекемеде жұмыс істемейтін адамдардың қолдары тұрған.

«БЖЗҚ салымшыларының жеке қаражаты, оны азаматтар өздері қалауынша пайдалануға құқылы деген жансақ пікір бар. Бірақ «Отбасы банк» БЗТ-ны пайдалану жөніндегі уәкілетті оператор ретінде заңға сәйкес, осы қаражаттың мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге міндетті», – деді Отбасы банкінің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

2021-2024 жылдар аралығында БЖЗҚ қаражатына көрсетілетін қызметтер көлемі бойынша топ-25 стоматологиялық клиника мемлекетке салық түрінде шамамен 63 млн теңге төлеген. БЖЗҚ қаражаты есебінен ұқсас кезеңде көрсетілген қызметтер көлемі шамамен 91 млрд теңгені құраған, яғни салық жүктемесі небәрі 0,07% болған. 

“Біздің ойымызша, бұл стоматологиялық клиникалар тарапынан көрсетілетін қызметтердің шынайылығына күмәнданудың себебі, әсіресе, протездеу және имплантациялау сияқты күрделі процедуралар туралы сөз болғанда», – деп түсіндірді Ибрагимова.

24 шілдеде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тіс емдеуге қаржы алу мүмкіндігін жарты жылға тоқтата тұратыны белгілі болған. Шектеу 2024 жылы 10 тамыздан бастап 2025 жылдың 1 ақпанына дейін жалғасады.

Сондай-ақ оқыңыз