Жаңалықтар

Жүздеген адаммен кездесіп, мыңдаған шақырымды артқа тастап киік туралы деректі фильм түсірілді

Қазақстанда киік туралы деректі фильм түсірілді / Фото: Киікстан

«Киікстан» атты деректі фильм көрермендерге ұсынылды. Бұл фильм Қазақстан жерін мекендейтін киіктің ерекше жануар ретінде табиғаттағы рөлін, оның тарихын және қазіргі кездегі жағдайын кеңінен баяндайды. Киік – еліміздің ғана емес, бүкіл Орталық Азияның табиғатында ерекше орын алатын жануарлардың бірі. Оның көшіп-қонуы, өмір салты және табиғатқа ықпалы жергілікті экожүйелер үшін аса маңызды.

Туындының авторы әрі режиссері журналист Нұрлыбек Рахмановтың айтуынша, фильмді бастан-аяқ көрген адам киікке қатысты проблемадан толық хабары болады.

«Ақбөкенге қатысты жалған ақпарат, біржақты пікір жайылып барады. Киікке қатысы бар әр тарап өзіне ыңғайлы ақпаратты таратып әлек. Бұл мәселеге терең үңілмей, әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратқа сеніп біржақты ой қалыптастырып бара жатқан адам көбейіп бара жатқанын байқадық. Соның салдарынан соңғы уақытта киік тек зиянкес ретінде қабылдана бастағандай. Біз бұл фильмде киікке қатысты шынайы ақпаратты ешқандай манипуляциясыз, лоббисіз жариялап отырмыз. Сондықтан қоғам мен билік фильмді көру арқылы киікке қатысты проблеманың шынайы масштабын бағалай алады. Фильмді бастан-аяқ көрген адам киік проблемасы жайлы толыққанды түсінік қалыптастыратындай көлемді болып шықты, – дейді Нұрлыбек Рахманов.

КИІКСТАН (деректі фильм)

Деректі фильмнің хронометражы – 2 сағат. Фильм авторлары мәселені зерттеу, ақпарат жинау кезінде мыңдаған шақырым жол жүріп киік жүрген жердің бәрін аралап, жүздеген адаммен кездескен. Шетелдік және отандық ғалымдармен, сарапшылармен, экологтармен, кәсіпқой аңшылармен, киікке қатысты сотталғандардың отбасы мүшелерімен, заңгерлермен, киік туғызған проблемалармен бетпе-бет жолыққан тараппен, киікті азайту мен оны қорғауды жақтаушылармен одан өнім алғысы келіп жүрген тараппен сұхбаттасты.

Бұл деректі фильмде бұған дейін қоғамда айтылмай, билікке жетпей келген ньюанстарды толық көрсететін ауқымды журналистік зерттеу жасалған. Сондай-ақ көрерменге киіктерді сақтау және қорғау мәселелерінің өзектілігін түсінуге көмектеседі.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ даласының символы саналатын ақбөкендердің көбеюіне тосқауыл қоятын шешімнің күшін жойып, оған тыйым салынатынын мәлімдеген.