Жаңалықтар

Алматы әкімдігі бейхабар: екі жыл бұрын бұзылған «Жайсаң» тұрғын үй кешенінің орнына тағы да рұқсат құжаттарсыз екі үй салына бастаған

2 жыл бұрын бұзылған «Жайсаң» тұрғын үй кешенінің орнына, тағы да рұқсатсыз ғимарат салына бастаған / Фото: kursiv.media

Алматы қаласының Наурызбай ауданында екі жыл бұрын бұзылған «Жайсаң» тұрғын үй кешені маңында тағы да әкімдіктің рұқсатынсыз заңсыз құрылыс басталған. Бұл жайлы Алматы әкімі Ерболат Досаевтың Нурызбай ауданы тұрғындарымен кездесуі барысында айтылды.

Наурызбай ауданындағы «Жайсаң» тұрғын үй кешені маңында тұратын тұрғын екі ғимараттың тұрғызылып жатқанын, құрылыстың заң талаптарын сақтамай басталып кеткенін айтты.

«Мен осыдан екі жыл бұрын «Жайсаң» тұрғын үй кешеніне қатысты мәселемен келген болатынмын. Ол кезде Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы ол жердегі құрылысты бұзу туралы шешім шығарып, ол жердегі Береке көшесін жекеменшіктен мемлекет меншігіне қайтаруы керек еді. Алайда жер әлі мемлекет меншігіне қайтарылмады. Мемлекет қаражатынан көшеге жөндеу жүргізілген. Бірақ біраз уақыттан соң, бұл жолды канализация жүргізу үшін қазып тастады. Бірнеше жылдан бері жол қопарылып жатыр. Жүру мүмкін емес. «Жайсаң» тұрғын үй кешені бұзылған соң, көшенің жекеменшікте екені белгілі болды. Ал енді меншік иесі ол жерге жөндеу жүргізгісі келмей отыр. Бұрынғы тұрғын үй кешені орнына енді түнгі уақытта құрылыс жүргізіліп жатыр. Екі үй салу үшін котлован қазып тастады. Ол жерде жүретін жол жоқ, көлік қоятын жер болмайды. Ал бір ғимарат менің ата-анамның үйінен 1 метр қашықтықта салынып жатыр», – деді тұрғын.

Ерболат Досаев бұл шағын ауданда қандай құрылыс жүріп жатқанын Алматы қаласы Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаевтан сұрады. Оның салынып жатқан құрылыстан хабары болмай шықты.

«Мен салынып жатқан екі жаңа үй құрылыс туралы сұрап отырмын. Барыңыз да тексеріңіз», – деп тапсырды әкім.

Аталған көшеде қандай құрылыс жүріп жатқаны жайлы Алматы қаласы Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Нұрлан Боранбаевтан сұрады. Ол да бұл аймақта қандай құрылыс жүріп жатқанынан бейхабар болып шықты. Дәл солайша аудан әкімі де бұл сұраққа мардымды жауап бере алмады.

«Бұл екі үйге қатысты айтсам, рұқсат қағаздары жоқ. Олар спорт кешенін саламыз деген. Бірақ бұл спорт кешені Әуезов ауданына ауыстырылған. Бұл мәселе біздің қадағалауымызда. Ал жолға қатысты айтар болсақ, ол жекеменшік иесіне тиесілі», – деді.

Әкім бұл мәселенің созбаққа салынып кеткенін, көшенің мемлекет меншігіне қайтарылуы керек болғанын айтты.

«Көшені мемлекет меншігіне неге қайтарып алмадық? Бұл мәселені неге шеше алмай жатырмыз. Сатып алайық, мемлекет қажеті үшін деп. 450 метрлік көше екен. Осы мәселені қарастырыңдар. Ақша табамыз», – деді Досаев.

Әкім көшенің қандай жолдармен жекенің қолына өткенін анықтап, бұл мәселеге прокуратураны да қатыстыра отырып, жақын арада шешуді тапсырды.

Ал Қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Данияр Қырықбаевқа бұл мәселені бүгіннен қалдырмай шешуді тапсырды.

«Бүгін барып тексеріңіз. Тиісті шараларды қабылдап, заңсыз салынған құрылысты бұзу туралы шешім шығарыңыз», – деді шаһар басшысы.

Айта кетсек, 2022 жылы әкімдік «Жайсаң» тұрғын үй кешенін бұзу туралы шешім шығарып , кешен бұзылған болатын.