Досаев әкімдіктің не себепті 20 млн теңгенің қызметін 70 млн теңгеге сатып алмақ болғанын түсіндірді

Жарияланды
Ерболат Досаев Мемлекеттік сатып алу туралы заң күшіне енген соң тауар мен қызмет сапасы жақсаратынын айтты / Коллаж: kursiv.media; бильд-редактор: Ахтем Зиперов

Ерболат Досаев Алматы әкімдігінің Білім басқармасының 20 млн теңгелік асхана жабдықтарын не себепті 70 млн теңгеге сатып алмақ болғанын түсіндірді. Қала басшысы әкімдіктің сапаға мән беретінін айтады.

Түсіндіре кетсек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі Алматы әкімдігінің мемлекеттік сатып алуларына тексеріс жүргізіп, осының нәтижесінде қызметтер мен тауарларға бағаларды тым көтеріп қойғанын анықтаған. Алматы қаласының Білім басқармасы қаладағы 25 мектеп үшін 1,9 млрд теңгеге ас үй жабдықтарын жаңғыртуды жоспарлаған. Басқарма бұл қаражатқа нарықтық құны 20 млн теңгені құрайтын жаңғырту қызметін 70-79 млн теңгеге сатып алмақ болған. Алайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ұсынымынан кейін, 23 мектеп бойынша сатып алу тоқтатылған. Тек екі мектеп бұл қызметті нарықтық құны бойынша сатып алуға бел буған. Осыдан кейін қалалық мәслихаттың шешімімен 1,8 млрд теңге мөлшеріндегі қалған сома бюджетке қайтарылған.

Алматы әкімінен Наурызбай ауданының тұрғындарымен кездесу кезінде басқарманың не себепті бағалардың 2-3 есе көтеріліп жазылғанын сұрады.

«Мектеп асханаларын жабдықтауға қатысты бағаларды көтеріп көрсеткен. Өткен жылы да бұл қызметтерді әкімдік қымбатқа сатып алған. Өткен жылдың мемлекеттік сатып алуларына қатысты тексеріс жүргізіле ме?», – деп сұрады.

Ерболат Досаев бұл жұмыстарды әкімдіктің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігімен бірге жүргізгенін айтты. Ал өткен жылдың жабдықтары мен қызметі дәл солайша көтерілген бағалармен сатып алынған. Бірақ әкімдік сол жылдың мемлекеттік сатып алуларынан ешқандай кемшіліктер анықталмағанын айтады.

«Ол жылы 20 мектеп бойынша жабдықтарды сатып алу жұмыстары мемлекеттік сатып алу шарттары бойынша жүргізілді. Ал негізінен ұсынылып отырған 20 млн теңгемен өзім келіспеймін. Егер мен асхана жабдықтарын арзан бағаға алып, оны бір жыл бойы жөндеп отыратын болсам, маған мұндай жабдықтар керек болмайды. Бізде мемлекеттік сатып алу шарттарында «бағасына қарай сапасы» деген принцип сақталуы керек», – дейді әкім.

Ал ұсынылып отырған қаражатқа сапалы дүниелердің сатып алынбайтынына кәсіпкерлерді кінәлады. Айтуынша, мұндай жеткізушілер сапа мен баға принцптерін ұстанбайды. Олардың қомақты қаражатты алып, өте арзан қызмет ұсынатынын айтады. Мұндай кемшіліктер болмау үшін Мемлекеттік сатып алу туралы заң реттелуі керек. Ал әзірге жосықсыз жеткізушілер бұл заңнан айналып өтетін жолдар тауып алған.

«Бізде кейбір жеткізушілер базалық талаптарға сәйкес келетін бірақ өте арзан бағадағы сапасыз жабдықтар әкеп орнатады. Мен сол үшін де, арзан баға белгілеуге қатысты талаптарға қарсымын. Біз мемлекет басшысы қол қойған «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңның күшіне енгенін күтіп жүрміз. Сол кезде баға мен сапаға жауап беретін жеткізушілер пайда болатынына сенімдімін. Ал қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу саласында кемшін тұстар бар. Соның салдарынан біздің балаларымыз білім алып жатқан мектептер мен балабақшаларға сапасы төмен жабдықтар орнатылып жатыр. Әйтпесе, әкімдік сапалы жабдықтар болсын деп, қажетті қаражатты бөледі. Бірақ айналып келгенде сапасыз жасалған жұмыс нәтижелері үшін әкім ретінде мен жауап беруім керек болады»,– дейді әкім.

Шаһар басшысы осы сапа мәселесіне ден қоятындықтан, 70 млн теңгенің орнына 20 млн теңгенің жабдықтарын сатып алу ұсынылған кезде, бұл қаражатты ондай арзан жабдықтарға жұмсағысы келмей, кері қайтарып алғанын жеткізді. Сондай-ақ бұл мәселені әлі де зерттейтінін, мектеп асханаларына жаңғырту жүргізілетінін айтты.

Сондай-ақ оқыңыз