Qarmet компаниясынан 50 млн теңгеге жанар-жағармай ұрлаған: ІІМ қылмыстық топтың құрықталғанын хабарлады
Qarmet акционерлік қоғамынан 50 млн теңгенің жанар-жағармайын ұрлаған қылмыстық топты құрықталды. Бұл жайлы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық топ «Qarmet» АҚ өкілдігінің аумағынан жанар-жағармай ұрлау бойынша қылмыстық схема құрып алған. Олар бірнеше жыл қатарынан осы схема бойынша көгілдір отын ұрлап келген.
Бұл топтың қылмыстық әрекеті салдарынан кәсіпорынға 50 миллион теңгеден астам залал келтірілген. Полиция қазіргі таңда бұл қылмыстық әрекетке қатысы бар болуы мүмкін компания қызметкерлері тексеріледі.
«Qarmet АҚ күзет қызметімен бірлесіп, компания қызметкерлерінің, оның ішінде қауіпсіздік қызметінің жанар-жағармай ұрлығына қатыстылығы тексерілуде. Жедел іздестіру шаралары барысында ұсталғандардан 5,5 тоннаға жуық дизель отын, ірі көлемдегі ақшалай қаражат және іс бойынша басқа да заттай айғақ заттар тәркіленді. Барлық айыпталушылар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде», – дейді ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.
Еске сала кетсек, кеше шілденің 24 күні полиция хабарландыру таратып, компаниядан алаяқтық жолмен қомақты көлемде қаражат ұрлаған екі азаматқа іздеу салды. Олар қылмыстық топ құрды деп күдіктеледі.
Іздестіріліп жатқандардың бірі Абай облысының тумасы. Аты-жөні – Ахметжанов Мирас Қалымбекұлы. 1987 жылы дүниеге келген азамат бұрын ұрлық жасағаны үшін сотталған.
Екіншісі – Чижевский Андрей Александрович. 1987 жылы туған, Қостанай облысының тумасы. Екеуін де бұлтартпау шарасы бойынша «қамауда ұстау» туралы бұйрық шыққан.
Qarmet-ке қатысты басқа да қылмыстар туралы
Еске сала кетсек, Ішкі істер министрлігі ақпанда Qarmet кеншілерін бопсалап, ҚТЖ-ны тонаумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтаған болатын. Ол кезде Qarmet АҚ-ның жұмыскерлерімен Абай қаласы тұрғындарын бопсалаған қылмыстық топты құрықтаудың екінші кезеңі өткізілгені хабарланды.
Ал бірінші кезең операциясы желтоқсанда жүргізіліп, Qarmet кеншілерін бопсалаған қылмыстық топ мүшелері ұсталды. Оларды тергеу барысында ұйымдасқан қылмыстық топ құру, оған басшылық жасау және қатысу бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілген. Нәтижесінде жалпы құны 55 миллион теңгеден астам өзге де бопсалау деректері анықталған.
Құрықталған қылмыстық топ қару қолданып, түрлі криминалдық жанжалдарға қатысқан. Сонымен бірге Қарағанды облысының Абай ауданына қарасты теміржол станциясының жүктерін ұрлаған.