Нұрлан Нығматулиннің егіз інісі – Ерлан Нығматуллинге тиесілі YDD Corporation компаниясында болған қайғылы оқиғаны премьер-министр Олжас Бектенов өз бақылауына алды. Сондай-ақ бұл оқиғаны тексеру үшін арнайы републикалық комиссия құрылады.
Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қарағанды ферроқорытпа зауытында болған төтенше жағдайға қатысты қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, оқиғаны өз бақылауына алатынын жеткізген.
«Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы қайғылы оқиға салдарынан адамдардың қайтыс болғаны туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына орны толмас қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Оқиғаның себептерін анықтау менің жеке бақылауымда. Қаза тапқандардың отбасына барлық қажетті қолдау көрсетіледі», – деп мәлімдеді Бектенов.
Сонымен бірге Қарағанды облысының еңбек инспекциясы жөніндегі департаментінің баспасөз қызметі зауытта болған қайғылы оқиғаны арнайы құрылған республикалық комиссия зерттейттінін хабарлады.
«Бүгінгі таңда «YDD Corporation» ЖШС (Қарағанды) ферроқорытпа зауытында 2024 жылдың 20 шілдесінде болған топтық апаттың салдарынан зардап шеккен төрт адам қаза тапты. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұловтың төрағалығымен топтық жазатайым оқиғаны тергеп-тексеру жөніндегі республикалық арнайы комиссия құрылды. Ол апаттың себептері мен оқиғаға кінәлі адамдарды анықтайды», – делінген баспасөз хабарламасында.
Бұл комиссияның құрамына – Қарағанды облысының бас мемлекеттік еңбек инспекторы, өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің аумақтық департаментінің және жұмыс берушінің өкілдері кіретіні айтылған.
Қаза тапқандардың отбасына мемлекеттен қандай көмек көрсетіледі?
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, балалары бар қаза тапқандардың отбасына асыраушысынан айырылу жағдайына байланысты республикалық бюджеттен жәрдемақы және МӘСҚ-тан әлеуметтік төлемдер тағайындалады.
Сондай-ақ қаза тапқандардың отбасы сақтандыру ұйымынан төлемдер және БЖЗҚ-дан жерлеуге біржолғы төлем алады.
Ал жұмыс беруші компания жерлеу рәсімінің барлық шығынын, сондай-ақ келесідей міндеттемелерді:
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасына 10 жылдық жалақы мөлшерінде біржолғы төлем беруді;
- қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларының тұрғын үй жағдайын жақсартуға көмектесуді;
- қаза тапқан қызметкерлердің отбасы мүшелерінің барлық несиесін толық өтеуді өз мойнына алды.
Қайғылы оқиға жайлы
Еске сала кетсек, Қарағандының ферроқорытпа зауытында 20 шілдеде таңғы сағат 4 шамасында 8 жұмысшы жарақат алып, денелерін күйік шалғаны туралы хабар тарады. Компанияның баспасөз қызметінің хабарлауынша, зауыттағы № 1 пештен кенеттен жалын шығып, осының салдарынан кәсіпорынның 8 жұмысшысы әртүрлі дәрежеде жарақат алған.
Бұл оқиғадан соң, Қарағанды облыстық полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
Ферроқорытпа зауытына YDD Corporation иелік етеді. Ал egov порталындағы мәліметтерде бұл компанияның құрылтайшылары ретінде IMPERIYUMCY HOLDINGS LIMITED, Нигматуллин Ерлан Зайруллаұлы, Аппаз Жармұхамет Дінмұхамедұлы көрсетілген.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Ерлан Нығматулинге тиесілі ферроқорытпа зауытындағы оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды. Ал YDD корпорациясының акционерлері мен басшылығы зардап шеккен қызметкерлердің барлық несиесін төлеп беруге уәде берді.
Ал 23 шілде күні жарылыс кезінде күйік шалған жұмысшы қайтыс болғаны хабарланды. Қайтыс болған азамат Мұзафар Исмаилов небары 31 жаста еді. Оның денесінің 85 пайызын қатты күйік шалған.
Бүгін, 25 шілде күні Қарағанды ферроқорытпа зауытындағы апатта күйік шалған 8 жұмысшының тағы үшеуі қайтыс болғаны хабарланды. Зауытта қызмет еткен технолог Қазкен Ерұлан Қайырбекұлы, балқыту цехының механигі Адамчук Дмитро және бас механик қызметінің шебері Жетпісбаев Төлеген Елеуұлы қайтыс болды.