Жаңалықтар

Алакөлдің үстінен ұшқан дельтаплан суға құлады: борттағы екі адам аман қалды

Алакөлдің үстінен ұшқан дельтаплан апатқа ұшырады / фото ТЖМ

Алакөлді барлаған шағын ұшақ апатқа ұшырады. ТЖМ дельтаплан бортында болған адамдар аман қалғанын хабарлады.

«Жетісу облысында Ақши ауылының маңындағы Алакөл көлін патрульдеу кезінде ТЖМ құтқарушылары дельтапланмен ұшу кезінде суға құлаған 2 адамды құтқарды. Ер және әйел адам медицина қызметкерлеріне берілді. Қаза тапқандар жоқ», – делінген ведомство хабарламасында.

Азаматтық авиация комитетінің мәліметі бойынша дельтаплан сағат 17.15-те апаттық жағдайда қонды. Комитет бұл оқиға бойынша тергеу жүргізеді.

«Екі адам зардап шекті. Қазіргі уақытта зардап шеккендер ауруханаға жеткізілуде. Осы авиациялық оқиға бойынша тергеу жүргізілетін болады», – деп хабарлады аталған комитет.

21 шілде күні Ақмола облысында «Бүркіт-Авиа» компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы апатқа ұшырады. Көлік министрлігі ақпаратты растады. .

Мамыр айында Арқалық пен Ақсұңқар арасында қатынайтын АН-2 санитарлық ұшағы жел екпінінен аударылып кеткен. «Навигатор» әуе компаниясына тиесілі АН-2 ұшағы күндізгі сағат 16:09 уақытында әуеге көтерілген соң, күрт төмендеп, қар суынан пайда болған көлшікке қонарда төңкерілген. Әуе кемесінің бортында 2 экипаж мүшесі және 3 қызметтік жолаушы болған. Барлық жолаушы мен экипаж мүшелері Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті Арқалық қалалық ауруханасына жеткізілген.