Lifestyle

Елена Рыбакина денсаулығындағы кінәратқа байланысты Париж Олимпиадасына қатыспайды

Елена Рыбакина ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды/ фото ktf.kz

Елена Париж Олимпиадасына қатыспайды. Қазақстан теннис федерациясы спортшының денсаулығында кінәрат болғандықтан, осындай шешім қабылдады деп түсіндірді.

«Елена Рыбакина денсаулығына байланысты Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына қатыса алмайды», – делінген федерация сайтында.

Қазіргі уақытта спортшының жіті бронхитпен ауырып жүргені белгілі болды. Дәрігерлер оған кортқа шығуға ғана емес, жарысқа қатысуға да үзілді-кесілді тыйым салған. Теннис федерациясы Рыбакинаның Олимпиадада жоғары деңгейде ойын көрсетуге үміттеніп, тыңғылықты дайындалғанын мәлімдеді.

ҚР Туризм және спорт министрлігі ұлттық құрама көшбасшысының тезірек сауығып кетуіне, жарыс алаңына оралуына тілектес екенін білдірді.

Ведомстволар ресми мәлімдемесінен соң теннисшінің өзі де қапа болғанын айтты.

«Маған бұл жөнінде айту қиын болып тұр, бірақ, өкінішке орай, Париждегі Олимпиадаға қатыса алмаймын. Уимблдон турнирінен кейін жіті бронхитпен ауырдым, жаттығуға қайта оралуға тырысқаныммен, денем әлі қалпына келген жоқ. Дәрігерлер кортқа шығуыма үзілді-кесілді тыйым салды. Сіздердің үміттеріңізді ақтап, Париждегі Олимпиадада біздің құрама үшін бақ сынай алмайтыныма қатты өкінемін. Мен Токиода медаль алуға өте жақын болдым және Қазақстанға алтын алып келу үшін Париж ойындарына тыңғылықты дайындалдым. Өкінішке орай, ауру бұл жоспарымды жүзеге асыруға мүмкіндік бермеді», – деген ол басқа спортшыларға сәттілік тіледі.

Министрліктің баспасөз қызметі осы жаңалықтан бұрын Қазақстан Париж Олимпиадасында теннистен тағы бір лицензия алғанын хабарлады.

«Аралас жұптық сында Елена Рыбакина мен Александр Бублик өнер көрсетеді. Олимпиаданың бірінші айналымында олар америкалық Коко Гауфф және Тейлор Фрицпен кездеседі. Барлығы миксте медаль үшін 16 жұп таласады», – деген еді ведомство.

Қазақстан теннистен 6 лицензия ұтты. Жекелей сында Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко, жұптық сында Александр Бублик пен Александр Недовесов, Рыбакина мен Бубликтің сынға түсетіні айтылды.

2024 жылғы Париж Олимпиадасы аясында алғашқы болып Қазақстанның садақ атудан ерлер құрамасының өкілдері сайысқа шығады деп хабарлады Туризм және спорт министрлігі.

Министрліктің мәліметіне сүйінсек, садақ атудан Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жанбырбай, Александр Еременко ел намысын қорғайды.