Fincraft Resources шығынға белшесінен батса да, Кеңес Рақышев пен БЖЗҚ-ға 400 миллион теңгеге жуық дивиденд төлемек
Fincraft Resources өзінің артықшылығы бар акциялары бойынша 392,6 млн теңге дивиденд төлейді, деп хабарлайды KASE.
Компанияның қаржылық есептілігіне сәйкес оның артықшылығы бар акциялары мыналарға тиесілі:
- Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры – 66,98%;
- Кеңес Рақышев – 33,02%.
2024 жылғы 31 наурыздағы жағдай бойынша орналастырылған артықшылығы бар акциялардың жалпы саны 392,6 млн теңгені құрады. Тиісінше, бір акцияға бір теңге дивиденд төленеді. БЖЗҚ-ға – 262,9 млн теңге, Кеңес Рақышевке – 129,6 млн теңге аударылады.
«Акционерлік қоғамдар туралы» заң қаржылық нәтижеге және акционерлер жиналысының шешіміне қарамастан, артықшылығы бар акциялар бойынша дивидендтер төлеуді белгілейді.
Дивидендтер 2023 жылдың шілдесі мен 2024 жылдың шілдесі аралығында төленеді. Төлемнің басталатын күні – 29 шілде.
Fincraft Resources бұған дейін өткен жылы өзінің қарапайым акциялары бойынша дивидендтер төлемейтінін хабарлаған. Шоғырландырылған есеп бойынша компанияның жалпы шығыны 2023 жылы 655,2 млн теңгені, ал 2022 жылы 424,8 млн теңгені құрады.
Кеңес Рақышевтің Fincraft Resources компаниялар тобы Nomad west oil компаниясының 50% үлесін сатты. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасында жарияланған есебінде жазылған. KASE ақпаратына сүйенсек, Рақышевтің компаниясы Nomad west oil үлесін 2023 жылғы желтоқсанында сатып алған.
2024 жылдың наурыз айының соңында Fincraft Resources жай акцияларының 78,85%-ы Fincraft Group-қа, 9,76%-ы Heatpoint Holdings Limited-ке және 11,39%-ы басқа тұлғаларға тиесілі болды. Компанияның түпкілікті бенефициары – Кеңес Рақышев.
Кеңес Рақышев Forbes.kz нұсқасы бойынша Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізімінде 19-орында. Оның байлығы 435 миллион долларға бағаланады. Ол Fincraft Resources және БТА банкін басқарады. Екіншісі қазіргі уақытта меншігінде украиналық БТА банкі бар холдингтік компания ретінде қызмет етеді.