2023 жылы Қазақстанда компьютерлік ойын жасау бойынша көрсетілген қызмет көлемі 21,2 млрд теңгеге жетті. Бұл меже алдыңғы жылдың көрсеткіштерінен 11 есе артық (2022 жылы – 1,9 млрд теңге). Осы кезеңде елімізде ұсынылған IT-қызметтердің жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрады. Яғни 2022 жылмен салыстырғанда 46,3%-ға артық (946,2 млрд теңге).
Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша барлық IT-қызметтің басым бөлігі, 383,9 млрд теңге бағдарламалық қамтамасыз етуді әзірлеуге бағытталған. Ақпараттық технологиялар және ақпараттық жүйелер саласындағы басқа да қызмет түрлері 283,6 млрд теңге, ал қосымшаларды орналастыру және олармен байланысты қызмет көлемі 229 млрд теңгені құрады.
Өңірлер қатарында IT-қызметтің негізгі үлесі, яғни 87,5%-ы Алматы (718,6 млрд теңге) және Астана (493,7 млрд теңге) қалаларының компанияларына тиесілі. Ал Алматы қаласының республикадағы үлесі 51,8%-ды құрап отыр. Көптеген елде IT-қызметтің бір немесе бірнеше өңірде шоғырлануы қалыпты үрдіс. Астана қаласы киберқауіпсіздік саласына республикадағы қызметтің 64%-ын ұсынған немесе 12,5 млрд теңгеге қызмет көрсеткен. Сондай-ақ бас қала қауіпсіздіктен бөлек еліміздегі компьютерлік ойын өндірісін 80% қамтамасыз етіп отыр. Екі мегаполистен бөлек Қарағанды облысы да еліміздегі IT-қызметтің 3%-ын өндіріп отыр.
Резидент еместерге көрсетілген IT-қызмет кестесінен негізгі тұтынушылар АҚШ (60,6 млрд теңге), Ресей (42,7 млрд теңге) және Ұлыбритания (34,4 млрд теңге) екенін білуге болады. Айта кету керек, ойын жасау бойынша көрсетілген қызметтердің 74,7%-ы шетелдіктерге көрсетілген. Оның ішінде ең ірі тапсырыс беруші – Ирландия (14,5 млрд теңгеге).