Сыра ішіп көлік айдаған Қостанай облысының бас имамы 15 тәулікке қамалды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Имам Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінінің маңында масаң күйде көлік жүргізіп бара жатқанда ұсталған / Коллаж: kursiv.media  бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қостанайдың бас имамы мас күйінде көлік тізгіндегені үшін 15 тәулікке қамалып, 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды.

Бурабай аудандық соты қаулысында жазылған ақпаратқа сүйенсек, оқиға 23 шілде түнгі сағат 03:00-те болған. Бас имам Бурабайдағы түнгі клубтардың бірінінің маңында масаң күйде көлік жүргізіп бара жатқанда ұсталған.

Көлік тізгінінде болған Тәжімбет Бахытбек Бурабай кенті Кенесары көшесіндегі «Регион 03» клубының қасында TOYOTA HIGHLANDER автокөлігін масаң күйде басқарған. Алайда ол сот отырысында кінәсін мойындамады, алкогольдік ішімдік ішпегенін, тек қымыз ішкенін ғана көрсеткен. Алайда медициналық куәландыру имамның алкоголь ішкенін растады. Ол медициналық куәландыру кезінде дәрігер қойған сұраққа «сыра іштім» деп жауап берген.

«Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылсын, оған осы бап бойынша 15 (он бес) тәулікке қамаққа алу және 7 (жеті) жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы тағайындалсын. Қамаққа алу уақыты 2024 жылғы 23 шілде сәуір сағат 16:53 минуттан бастап есептелсін», – деп жазылған сот қаулысында. 

Ал ҚМДБ Қостанайдың бас имамы Бахытбек Тәжімбет туралы ақпаратты ресми сайтынан өшіріп тастаған. 20 өңірдің 19 өкіл имамдарының ғана мәліметі көрсетілген. 

Бұл ақпаратты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да растады. Муфтият аталған оқиға қатысты ресми пікір білдірді.

«Діни басқарманың қызмет жүйесінде заң нормаларын және дін қызметкері этикасын өрескел бұзатын жеке тұлғалардың діни салада жұмыс істеуіне моральдық тұрғыдан құқығы жоқ. ҚМДБ дін қызметкеріне лайықсыз әрекет жасаған Бахытбек Тәжімбетті Қостанай облысының бас имамы қызметінен босатты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы болған оқиғаны үлкен өкінішпен қабылдап, еліміздегі мұсылман жамағатынан кешірім сұрайды», – деп жауап берді ҚМДБ баспасөз қызметі.

Тәжімбет Бахытбек Нұрғабылұлы 2015 жылдың қараша айынан бүгінге дейін Қостанай облысы бойынша өкіл имам және Қостанай облыстық «Марал ишан» мешітінің бас имамы болып қызмет етіп келген. Үйленген, екі баланың әкесі. 

Биыл мамыр айында Шымкент мешітінде әртүрлі мазhабтың өкілдері төбелес шығарған оқиға да көптің есінде. Өзге өңірден келіп, жамағат намазын бұзған жігіт жергілікті намазханнан таяқ жеген болатын. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының мәліметінше, өзге мәзһабта намаз оқыған бір топ адам имамның өтінішіне құлақ аспай, мешіт ережесін өрескел бұзған. Намаз кезінде «Әмин» дұғасын қатты дауыспен айтқан жандардың әрекетіне төзбеген мешітке тұрақты келуші азамат олардың біріне қол жұмсаған. Нәтижесінде имам жамағат намазын тоқтатуға мәжбүр болған.

Сондай-ақ оқыңыз