«Майқайыңдағы» апат: шұңқырға құлаған құтқарушылардың автобусы табылды

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі іздестірілуде / Фото: t.me/baspasozpvl

«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының аумағында шұңқырға құлаған құтқарушылардың автобусы 7 ай өткен соң табылды. Іздестіру жұмыстары әлі де жүріп жатыр. Өйткені 55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылмады.

«Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстары жалғасуда. Кеше кешкісін қазба жұмыстары кезінде құтқарушылардың автобусы табылды. Ауа райының қолайсыздығына (жаңбыр мен жел) және топырақтың құлау қаупінің сақталуына байланысты жұмыстар аса сақтықпен жүргізілуде», – деп хабарлады Павлодар облысының әкімдігінің баспасөз қызметі.

Әкімдік өкілдері бүгін таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданғанын атап өтті.  

«Қазіргі уақытта көліктің алдыңғы бөлігіне дейін жету мүмкін болып, бампері мен доңғалағы көрінді. 55 жастағы төртінші құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі әлі табылған жоқ. Жақын арада іздестіру жұмыстары нәтиже береді деген үміттеміз», – делінген хабарламада.

19 шілдеде таңғы сағат жетілер шамасында үшінші құтқарушының мәйіті табылған болатын. Қайғылы оқиғадан 7 ай өткен соң Кәсіби әскерилендірілген апаттық-құтқару қызметінің орталық штабының қызметкері Айдос Шаймерденнің денесі табылды.

«19 шілдеде «Майқайыңалтын» АҚ күшімен жер қазу жұмыстарын жүргізу кезінде 70 м тереңдікте бір құтқарушының денесі табылды, ол 4 қаңтарда «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің тағы үш құтқарушысымен бірге автобуста жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне құлаған. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу орнына Павлодар облысы ТЖД құтқарушылары келді, олар «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-мен бірлесіп денені жер бетіне көтеріп, жедел-тергеу тобына тапсырды. Қайтыс болған адамның туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін ТЖД психологы да келді», – деп хабарлаған еді ТЖМ баспасөз қызметі.

Апат жайлы

Еске сала кетсек, «Майқайың» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.

Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.

5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.

9 қаңтарда бұрынғы ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.

15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етті. Мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты. 

Мәжіліс отырысында депутаттар құзырлы орган басшыларына осы шахта жұмысы туралы сауал жолдап, құлаған жердің астына бұрындары шахта болғанын ешкім ескертпегенін айтты. Тіпті үстінен жол салған және сол жолды қызметкерлер осы күнге дейін пайдаланып келгені де айтылды. Ал техникалық қауіпсіздік шараларына сай, ол жерді қоршауға алып, қауіпті зона ретінде оқшаулануы керек болған.

16 сәуірде Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімі шықты. Сот «Майқайыңалтын» АҚ-ны тікелей кінәлі деп таныды. «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды. Бұл жөнінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.

«Майқайың» шахтасындағы оқиға себебін тергеу комиссиясы зерттеді

ҚР Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексі 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды. 

Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасады.  Акт бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәсі бар екені анықталды.  

Сондай-ақ оқыңыз