«Майқайыңдағы» апат: 75 метр тереңдіктен соңғы құтқарушының мәйіті табылды
«Майқайыңалтын» кен байыту фабрикасының аумағында автобуспен бірге шұңқырға құлаған төрт құтқарушының соңғысы табылды. 75 метр тереңдіктегі үйінді астынан автобус жүргізушісі Айып Тілеубергеновтің денесі шығарылды. Қайғылы оқиғаның орын алғанына жеті айға жуық уақыт өтті.
«Бүгін сағат 16:20-да «Майқайыңалтын» АҚ тау-кен ауданындағы опырылған жерде іздестіру жұмыстарын жүргізу кезінде соңғы құтқарушы, жүргізуші Айып Тілеубергеновтің денесі табылды. Құтқарушының денесі жоғары көтеріліп, сараптама жүргізу үшін жедел-тергеу тобына берілді. 4 қаңтар күні Майқайың кенішінің жанында жұмыс істемейтін шахтаның тазарту кеңістігіне «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС құтқарушылары отырған автобус құлап кеткен болатын. Осы қайғылы оқиғадан кейін 7 ай уақыт өтті. Осы уақыт ішінде, қаза болған жандардың туыстары сияқты, біз де жоғалған құтқарушыларды табамыз деген үмітте болдық. Айып Тілеубергеновтің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын», – деп хабарлады Павлодар облысының әкімі Асайн Байханов әлеуметтік желідегі парақшасында.
Павлодар әкімі іздестіру жұмыстарына түрлі мамандар мен сарапшылар, тау-кен ісінің ардагерлері, кинологтар, арнайы техника мен дрондар тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ, өңірдің барлық авариялық-құтқару қызметтері жұмылдырылған.
«Жоғалған адамдарды табу үшін күндіз-түні жұмыс істеген барлық жанға алғыс айтамын. Өкінішке орай, адамдарды құтқаруға деген үміт қайғыға алмасты», – деп жазды облыс әкімі.
Төтенше жағдайлар министрлігі де бұл ақпаратты растады. Ведомство «КӘАҚҚ РОШ» ЖШС-нің қайтыс болған төртінші қызметкерінің денесі шығарылғанын хабарлады.
«Мамандардың жұмысы қираған топырақ пен тастардың құлау қаупіне қарамастан жүргізілді. Авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізу барысында, сағат 16.05-те экскаватор арқылы топырақты бөгеу кезінде 75 метр тереңдіктен машинистің денесі табылып, сараптамаға жіберілді», – делінген хабарламда.
Құтқару жұмыстары қалай жүргізілді?
ТЖМ іздеу-құтқару жұмыстары тәулік бойы және айтарлықтай қауіппен жүргізілгенін мәлімдеді. Жұмыстарға түрлі қызметтердің 200-ден астам қызметкері тартылып, 180 мыңнан астам тонна тау массасы шығарылған.
24 шілде кешкісін іздестіру тобының қазба жұмыстары кезінде шұңқырға құлаған құтқарушылардың автобусы табылды. Бүгін, 25 шілдеде, таңғы сағат 05.00-ден бастап іздестіру жұмыстары қайта жанданды.
19 шілдеде таңғы сағат жетілер шамасында үшінші құтқарушының мәйіті табылған болатын.
Апат жайлы
Еске сала кетсек, «Майқайың» кенішіндегі апат 4 қаңтарда болды. Павлодар облысы Баянауыл ауданында «Майқайыңалтын» АҚ шахтасына құтқарушылар мінген автобус құлап кетті.
Кейін «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметі» ТЖД құтқарушылары құмнан 2 адамның мәйіті табылғанын жариялады.
5 қаңтарда кеніш аумағында іздестіру-құтқару жұмысы аяқталмағаны, шахтаға құлап кеткен 2 адам әлі табылмағаны мәлімделді.
9 қаңтарда бұрынғы ТЖМ басшысы Сырым Шәріпханов «Майқайыңалтын» шахтасындағы құтқару жұмысы қашан аяқталатыны белгісіз екенін мәлімдеді.
15 қаңтарда «Майқайыңалтын» АҚ бұрынғы жұмысшылары басшыларын айыптап, кеніштегі апатқа объективті тексеру жүргізуді талап етті. Мемлекеттік комиссия мүшелеріне ашық хат жолдады. Олар қайғылы оқиғаға комбинат басшысының салғырттығы себеп болғанын айтты.
16 сәуірде Майқайың кенішіндегі апатқа қатысты сот шешімі шықты. Сот «Майқайыңалтын» АҚ-ны тікелей кінәлі деп таныды. «Майқайыңалтын» АҚ жауапты тұлғаларының әрекеттерінен (әрекетсіздігінен) туындаған жазатайым оқиғаның себептерін негізге ала отырып, талапкердің 100% кінәсі бар деп танылды. Бұл жөнінде Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты хабарлады.
«Майқайың» шахтасындағы оқиға себебін тергеу комиссиясы зерттеді
ҚР Еңбек министрлігі Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының 2024 жылғы 4 қаңтардағы бұйрығымен Еңбек кодексі 188-бабының 3-тармағына сәйкес, еңбек қызметіне байланысты өлімге әкеліп соққан жазатайым оқиғаның себептерін тергеу мақсатында комиссия құрылды.
Тергеу қорытындысы бойынша комиссия топтық жазатайым оқиғаны тергеу актісін жасады. Акт бойынша жұмыс берушінің толығымен кінәсі бар екені анықталды