Қазақстанда су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлердің үштен бірі ғана өтемақы алған
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге залалды өтеу үшін Үкімет резервінен ақша бөлінгенімен, өтініш берген бизнес өкілдерінің үштен бірі ғана өтемақы алған. Сол себепті қазақстандықтар шығынды өтеу кезінде бюрократияның көптігіне наразылық білдіріп жатыр. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев осылай деп мәлімдеді.
Вице-премьер халық пен бизнеске келтірілген залалды өтеу кезінде туындаған проблемаларды ерекше атап өтті. Осыған орай Бозымбаев зардап шеккендерге өтемақы төлеу тәртібін қайта қарауды тапсырды.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша шағын және орта бизнес (ШОБ) субъектілерінен жалпы сомасы 3,4 млрд теңгеге 291 өтінім келіп түскен. Қаражат өңірлерге Үкіметтің резервінен бөлінгенімен, өтініш берушілердің үштен біріне ғана жеткен. Осыған байланысты вице-премьер «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ескертулерін назарға ала отырып, бизнеске төлем жасаудың әдістемесін пысықтауды, оның ішінде АӨК кәсіпкерлеріне келтірілген залалды өтеуді тапсырды.
«Мұндай бюрократия тұрғындар арасында наразылық тудырады. Осы жағдайды анықтау үшін бұл істі қолға аламын. Біз су тасқыны туралы емес, су тасқыны мысалында әрекет ету жүйесінің дайындығы туралы айтып отырмыз. Біз ТЖ-ға тез ден қойып, зардап шеккен азаматтар мен ШОБ үшін қажетті көмекті жедел жеткізуіміз керек. Жұмыс тобын құрып, барлық рәсімдерді жеңілдетіңіздер», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Қанат Бозымбаевтың мәлімдеуінше, су тасқыны кезінде техниканың жетіспеушілігі мәселесі туындаған. Бірқатар өңірде әкімдер қолда бар автопарк саны туралы ақпаратты білмегенін айтады. Вице-премьер сондықтан арнайы есепке алу мәселесін жолға қоюды ескертті.
«Көлік министрлігі осы талқылауды ескере отырып, техниканы, оның ішінде жеке ұйымдармен тиеу, жеткізу және түсіру алгоритмін пысықтауы қажет. Оларды ТЖ аймақтарына тарту және жеткізу үшін шығындарды өтеу тетігін көздеу керек. Мұның бәрін заңнамалық тұрғыдан реттеп, бір ай мерзімде келісілген ұсыныстар енгізу қажет», — деп атап өтті Қанат Бозымбаев.
Шағын және орта бизнестің мүлік шығынын өтеуге қанша қаражат бөлінді?
Қазақстандағы алапат су тасқынынан кейін шағын және орта бизнестің мүлік шығынын өтеу үшін Үкімет резервінен 12 млрд теңге бөлінеген еді. Бұл қаржы Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарының бюджетіне аударылады. Зардап шеккен бизнеске келтірілген залалды өтеу жұмысы басталған. Шілде айының басында өңірлік комиссиялар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы сомасы 1,5 млрд теңгеге 178 өтінімін қарап мақұлдады.
Әкімдіктердің алдын ала бағалауы бойынша, 746 шағын және орта бизнес нысаны зардап шеккен. Олардың қатарында азық-түлік дүкендері, кафе, ТҚКО, қонақүй және басқалары бар.
Бұған дейін төтенше резервтен Батыс Қазақстан және Қостанай облыстарындағы электр желілерін қалпына келтіруге 2,4 млрд теңге бөлінген. Су тасқыны болған өңірлерде инфрақұрылымға келтірілген шығын көлемі 53 млрд теңгеге жеткен.
Осыған дейін Қазақстан Үкіметі су тасқын салдарын жоюға миллиардтаған қаржы аударған елдер, компаниялар мен кәсіпкерлердің тізімін жариялады. Тізімде екі елдің қолдау көрсеткені туралы жазған. БАӘ-нің Қазақстандағы елшілігі (0,88 млрд теңге) мен Сербия үкіметі (0,47 млрд теңге) аударған.
Премьер-Министр Олжас Бектенов су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған жаңа үйлердің құрылысы кестеден 15-25 күнге артта қалып жатқанын айтып, өңір әкімдерін сөккен болатын. Бүгінде Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ақмола және Атырау облыстарында құрылыс жұмыстары баяу жүріп жатыр.