2024 жылдың бірінші жарты жылдығында Астана қаласы бойынша 95 мыңнан астам жеке кәсіпкер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға 2,4 млрд теңге көлемінде жарна төлеген. Бұл жайлы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры хабарлады.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ұсынған ақпаратқа сүйенсек, жеке кәсіпкерлер мен жеке практикамен айналысатын тұлғалар МӘМС-ке табыс көлеміне қарамастан, ең төменгі жалақының 5 % мөлшерінде тіркелген жарналар төлеуге міндетті. 2024 жылы ол 5 950 теңгені құрап отыр.
«Егер салық есептерін беруді тоқтатқан немесе Қазақстан Республикасының салық заңнамасына сай әрекетсіз деп танылған жеке кәсіпкерлер МӘМС жүйесіне жарна төлемейді. Ескеретін жәйт, жеке кәсіпкер салық есептерін беруді тоқтатпаса, оның табысының мөлшеріне қарамастан жарнаны төлейді», – деп хабарламада.
Жеке кәсіпкер келесі жеңілдік санаттарының біріне кірсе, жарна төлеуден босатылады:
- Зейнетақы төлемдерін алушылар, оның ішінде ҰОС қатысушылары мен мүгедектер;
- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен, «Батыр ана» атағын алған, «Ана даңқы» I және II дәрежелі ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;
- Мүгедектігі бар адамдар;
- Орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі, жоғары білім беру ұйымдарында, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында күндізгі оқу нысаны бойынша оқитындар.
Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жарналарды уақытында төлемеген жағдайда кешіктірілген әрбір күніне ҚР Ұлттық Банкі базалық ставкасының 1,25 еселенген мөлшерінде айыппұл есептелетінін ескертеді. Егер жеке кәсіпкер жарналарды төлеуден жалтарса, салық органдары ӘҚБтК-нің 92-1-бабына сәйкес, әкімшілік жазалау шараларын қолданады. Ал жарналар бойынша берешек өтелмесе, салық органдары банктік шоттардың шығыс операцияларын тоқтатуы мүмкін, яғни шоттар бұғатталады.
Қандай әкімшілік жазалау шаралары қарастырылған?
Жеке кәсіпкердің жарналарды төлемеу, уақтылы төлемеуі немесе толық төлемеген жағдайда әуелі ескерту жасалады. Ал бір жыл ішінде қайталанса айыппұл салу көзделген. Мәселен, шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін – 20%, орта кәсіпкерлік субъектілері – 30%, ірі кәсіпкерлер төленбеген жарналар сомасының 50% мөлшерінде айыппұл төлеуге міндеттеледі.
Айта кетейік, жуырда аудиторлар әлеуметтік сақтандыру қорынан қаржыландырылған медициналық қызметтер үшін шамамен 32,5 миллиард теңгені құрайтын қызметтерге екі есе ақы төленгенін анықтады. Әлеуметтік-медициналық сақтандыру қоры Жоғарғы аудиторлық палата анықтаған көптеген бұзушылық ақпараттық жүйелердегі ақаулар және цифрландыру деңгейінің жеткіліксіздігінен болды деп түсіндірген еді.