Инвесторлар small cap сатып алып жатыр, криптовалютаның құлдырауы, Қытайдағы жаңа субсидиялар

Жарияланды
БАҚ шолуы / Shutterstock

Қытайда сатып алушылар үшін кей тауарлар бағасының 15-20%-ын өкімет төлейтін болады. Тұтыну секторына билік осылай қолдау көрсетпек. АҚШ-та әлі инвесторлар ЖИ алыптарының акцияларын тастап, шағын компаниялардың қағаздарын сатып алып жатыр, нарықтағы осындай пессимизм криптовалютаға да әсер етті. Осы және басқа да тақырыптар туралы 25 шілдедегі әлемдік БАҚ шолуынан оқыңыз.

Мардымсыз есептерден кейін инвесторлар ЖИ алпауыттары акцияларын тастап, шағын компаниялардың қағаздарын сатып алып жатыр

Кеше де АҚШ қор нарығының құлдырағаны тоқтамады. Негізгі қор индекстерінің төмендеуіне екінші тоқсанда экономиканың 2,8%-ға өскені көрсетілген ІЖӨ туралы оң есеп те кедергі бола алмады. Бұл – сарапшылар болжаған межеден (2,1%) жоғары көрсеткіш деп хабарлайды CNBC.

DOW 0,2%-ға көтерілді, ал S&P 500 индексі 0,51%-ға төмендеді, Nasdaq 0,93% жоғалтты. Инвесторлар бұрынғысынша технологиялық алыптардан капиталдануы шағын компанияларға көшіп жатыр. Russell 2000 мамандандырылған индексі жуырда 1,2%-ға өсті.

Еске сала кетсек, Tesla мен Alphabet-тің мардымсыз есебінен кейін бигтехтің кей ең үздік акцияларын инвесторлардың тастап жатқанына бүгін екінші күн. Атап айтқанда, Advanced Micro Devices 3%, Meta 1,7%, Microsoft 2,45%, ал Alphabet шамамен 3% жоғалтты.

Инвесторлар жуырдағы төмендеуді шектен тыс салынған инвестицияның қайта үлестірілуі деп бағалады. «Уолл-стритте бағыт өзгеріп жатыр. Нарық өрлегенде көш басында болған ЖИ акциялары құлдырау кезінде де көш басында келеді», – деді 50 Park Investments бас директоры Адам Сархан.

Ол бұқа нарығындағы «үлкен шағын бұрылыс» кезінде мұндай жағдай бола береді дейді. «Бұқалар нарығында бір сектор көш бастайды, сосын ол тоқтап, түзету жасайды да, эстафетаны тапсырады», – деді ол.

Экономиканың қалыпқа келуін ынталандыру мақсатында Қытай тағы 41 млрд доллар бөледі

ҚХР үкіметі 2024 жылғы тамыздың соңына дейін экономикаға 300 млрд юань (41,40 млрд доллар) бөледі деп хабарлайды Reuters ел үкіметіне сілтеме жасай отырып. Осылайша, билік арнайы дербес облигациялар арқылы қаржыландырылатын шағын және орта фирмалардың жабдықтарын жаңарту жобаларына берілер өтінімдерге деген талаптарды төмендетеді.

Бұдан басқа мемлекет тағы жаңа жеңіл электромобиль мен теледидар, кондиционер және компьютер секілді тұрмыстық техника өнімін сатып алушыларға субсидия беру арқылы да тұтыну секторын қолдайды. Субсидия мөлшері тауар бағасының 15-20%-ын құрайтын болады, яғни 2000 юаннан (шамамен $276) аспайды. Бұл – экономикалық өсімді қалпына келтіру бағдарламасының «соңғы қадамы» деп түсіндірді ҚХР үкіметінде.

Ральф Шлосштейн: Трамптың қайтып оралуы – АҚШ қор нарығына төнген қауіп

Evercore консалтингтік фирмасының бұрынғы атқарушы директоры Ральф Шлосштейннің пікірінше, Дональд Трамптың Ақ үйге оралуын АҚШ қор нарығына төнер қауіп деп біледі дейді Bloomberg. Ол «нарық мүддесіне мүлдем сай емес» жаһандық сауда соғысын жүргізбек.

Трамптың Қытайдан әкелінетін тауарларға баж салығын 100%-ға көтеріп, басқа елдерден әкелінетін импортқа 10% тариф енгізу қажет дегені рас. Осы сөзі жүзеге асқан жағдайда акцияларға нұқсан келіп, инфляцияның жаңа кезеңі туады деп есептейді Шлосштейн.

Одан да маңыздысы, бюджеттік тапшылықтың ұлғаюы және бұл мәселені АҚШ-тың қалай шешпек екені. «Біздің фискалдық саясатымыз тұрақсыз, – деді сарапшы. – Алайда президенттікке үміткердің ешбірі осы мәселені шешуге онша құлықты емес». Трамптың, әсіресе, салықты азайту саясаты тапшылықтың артуына апарады деп толықтырды ол. Оның пікірінше, «мұның арты жақсылықпен аяқталмайды».

Дей тұрғанмен, Шлосштейннің айтуынша, келесі жылы рецессияның болуы екіталай. Оның болжамынша, «экономика мен табыс жоғары деңгейде тұрғанда» АҚШ акциялары өсе бермек.

Технологиялық акциялар криптовалютаны да төменге тартып барады

Alphabet пен Tesla-ның тоқсандық табысы сейсенбі, 23 шілде кешінде криптовалютаға қысым түсірді. Бейсенбі, 25 шілде күні биткоин бірден 2%-ға арзандап, 64,6 мың долларға жетті. Ether де, жуырда ETF іске қосылғанына қарамастан, 3172,59 долларға түсіп, 6%-ға құлдырады деп жазады CNBC.

Криптокомпаниялар акциялары да құлдырап жатыр. Coinbase 3%-ға, MicroStrategy 2%-ға, Iris Energy 5%-ға, Riot 3%-ға төмендеді. «Криптовалютаға төнген қара бұлт – әлемдік қаржы нарықтарындағы дүрлігістің салдары, – дейді LMAX Group-тің нарық жөніндегі стратегі Джоэл Крюгер. – Әлемдік экономиканың жай-күйі мен перспективаларына қатысты алаңдаушылық күшейе түсті».

Сондай-ақ оқыңыз