Жаңалықтар

Meta Еуроодақтың алғашқы айыппұлын күтіп отыр – Reuters

Meta жылдық айналымының 10%-ына дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін / Фото: Reuters/Yves Herman

Еуропалық реттеуші Facebook пен Instagram-ның бас компаниясы, америкалық технологиялық гигант – Meta-ға 13,4 млрд долларға дейінгі көлемде айыппұл салуды жоспарлап отыр деп хабарлады Reuters агенттігі. Жазалауға себеп болған – Facebook әлеуметтік желісін Marketplace онлайн-хабарландыру сервисімен біріктіргені арқылы ЕО-ның монополияға қарсы заңнамасын бұзғаны. Бұл өзгеріс пайдаланушыларға тауарын сатуға шығаруға мүмкіндік береді. Meta акциялары бейсенбі, 25 шілде күні, арзандады.

Толығырақ

Reuters дереккөздерге сілтеме жасап Еуропалық комиссия Facebook-пен Marketplace онлайн-хабарландыру сервисін біріктіргенімен сатушыларға тең емес сауда жағдайын туғызғаны үшін Meta-ны айыппұлмен жазаламақ болып жатыр деп жазды. Агенттік Meta-ның бұл ЕО-ның монополияға қарсы заңнамасын бұзғаны үшін алғашқы айыппұлы болайын деп тұрғанын айтады. Еурокомиссия соңғы шешімді күзде шығаратын шығар, бірақ мерзімі өзгеруі мүмкін деп хабарлады Reuters дереккөзі.

Мета жылдық айналымының 10%-ына, яғни 13,4 млрд долларға дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі ықтимал, бірақ ЕО санкциялары әдетте ең жоғарғы шектен әлдеқайда төмен болады деп атап көрсетеді Reuters.

Meta реттеушінің пікірімен келіспейді. «Еурокомиссия мәлімдемесінің ешқандай негізі жоқ, – деді Reuters агенттігіне Meta өкілі Мэтт Поллард. – Біз инновациялық өніміміздің тұтынушы мен бәсекеге бағытталғанын дәлелдеу үшін реттеуші органдармен ынтымақтаса жұмыс істеп жатырмыз».

Былтыр Meta ЕО-дағы монополияға қарсы тергеуді реттеуге тырысып, Facebook Marketplace-тегі бәсекелес жарнама берушілердің деректерін пайдалануды шектеуді ұсынған болатын, бірақ ұсыныс қабылданбады деп отыр Reuters.

Еурокомиссия Reuters агенттігіне түсініктеме беруден бас тартты.

Контекст

Еурокомиссияның Meta-ға деген наласы бір мұнымен ғана шектелмейді. Шілде айының басында ол Meta компаниясын «не төле, не келіс» деген жарнамалық моделімен Еуропалық одақтың цифрлық нарықтар туралы жаңа заңын бұзды деп айыптады. Реттеушінің пікірінше, Meta пайдаланушыларды не Facebook пен Instagram-ды жарнамасыз пайдалануы үшін төлеуге, не арнайы жарнамаға керек жеке басының деректерін өңдеуге келісім беруге мәжбүрлейді. Meta пайдаланушыларға ақылы жазылудың баламасын ұсынуға тиіс деп есептейді комиссия. Бұл талап жалпы әлемдік айналымның 10%-ына, ал қайтадан бұзылған жағдайда 20%-ына дейінгі мөлшерде айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін. Жүйелі түрде заң бұза бергендерді Еуропалық комиссия бизнесін толық не бір бөлігін сатуға міндеттеуі мүмкін.

Акция жайы

Meta Platforms акциялары бейсенбі, 25 шілде күнгі саудада 1,7%-ға арзандады. Сөйткенмен де, қазір олар жыл басындағы бағадан шамамен 30%-ға қымбат.

MarketWatch мәліметінше, компания акцияларын бақылайтын 67 сарапшының 56-сы оларды сатып алуға шақырады. Сегізі ұстап отыруға, үшеуі сатуға кеңес береді. Орташа мақсатты баға – 534,49 доллар, жабылардағы бағасынан шамамен 16%-ға жоғары.