AERC сарапшылары Қазақстандағы инфляция күзге қарай 8,1%-ға дейін бәсеңдейді деп болжайды
Қолданбалы экономикалық зерттеулер орталығы (AERC) шілде айына қатысты инфляция болжамын қайта қарап, 8,4 пайыз деңгейінен 8,27 пайызға төмендетті. Тамыз мен қыркүйек айларына қатысты болжам да өзгерген.
Шілдеде айлық инфляция 0,41%-ды құрайды деген болжам жасалған. Бұл көрсеткіш бұған дейінгі болжамнан 0,44% төмен.
AERC тамыз айында жылдық инфляция 8,15%-ды (бұған дейін 8,32%) ал айлық инфляция 0,54%-ды (бұрын 0,57%) құрайды деп пайымдайды. 2024 жылдың қыркүйегінде жылдық инфляция 8,1%-ға дейін төмендеуі ықтимал.
AERC инфляцияға әсер еткен негізгі факторлардың бірі – теңгенің әлсіреуі болды деп есептейді. Ұлттық валюта маусымда 2,8%-ға төмендеп, бір доллар үшін 454,69 теңгені құрады. Бұған Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетуі, шетелдік валютаны сатудың азаюы және маусымдық факторлар әсер еткен. Дегенмен шілдеде Ұлттық қордан шетел валютасын сату көлемі артуы мүмкін, бұл теңгені нығайтып, инфляциялық қысымды төмендетуі мүмкін.
Сарапшылар маусымда Еуроаймақтағы инфляцияның 2,5%-ға дейін бәсеңдеуі Қазақстанға жағымды ықпал етеді деп тұжырымдайды. Бұл ретте Brent маркалы мұнай бағасы маусымда 5%-ға қымбаттағанымен, шілде айының басынан бері арзандап отыр, бұл теңге бағамына қосымша қысым жасап, инфляцияның өсуіне ықпал етуі мүмкін. 2025 жылы Еуроаймақтағы инфляция мақсатты 2%-дық көрсеткішке жетуі ықтимал.
Қазақстан 2022 жылдың желтоқсан айынан бері жылдық инфляция бойынша ТМД және ЕАЭО елдері ішінде бірінші орынды алып келді. Елімізде 18 ай бойы жоғары инфляция тіркеліп, көш соңындағы көрсеткіштің ұзақ сақталуына көптеген фактор әсер етті. Ұлттық банктің жылдар бойы жүргізген қатал ақша-несие саясаты, сыртқы және ішкі көптеген фактордың әсерінен биыл маусым айындағы инфляция көлемі 8,4%-ға дейін төмендеді.
2023 жылдың ақпан айындағы инфляция 21,3%-ды құрап, өзінің өсу шыңына жетіп, наурыз айынан бастап жылдық инфляция біртіндеп төмендеу фазасына түсті. Сондай-ақ бас банк шілде айындағы кезекті шешімінде базалық мөлшерлеме 14,50%-дан 14,25%-ға дейін төмендеді. Инфляцияның төмендеуі ақша-несие саясатының қатал ұстанымын жұмсартуға алып келді.