Қазақстан экономикасына банк секторының берген несиесі 31,8 трлн теңгеге жеткен. Маусым айында өсім 2,18%-ды құраған. Бір айда экономикаға 679 млн теңге көлемінде несие берілген.
Ұлттық банк статистикасына сүйенсек, бизнеске берілген несие көлемі ірі кәсіпкерлерден басқа салаларда өскені байқалады. 31,8 трлн теңгенің 13,5 трлн теңгесі – бизнеске берілген несие. Соның ішінде шағын және орта бизнес өкілдері алған кредит көлемі артқан.
Қазіргі кезде Қазақстандағы шағын бизнестің мойнында 6,5 трлн теңгеге жуық кредит бар. Ал орта бизнес өкілдері банк секторына 1,6 млрд теңге қарыз. Айта кетерлігі өткен айда ірі кәсіпорындарға берілген несие көлемі азайған. Мамыр айында ірі бизнестің мойнында 5,3 трлн теңгеге жуық несие болса, маусым айында ол 5,2 трлн теңгеге дейін қысқарғаны байқалады.
Жеке тұлғалардың несие портфелі 17,9 трлн теңгеден 18,3 трлн теңгеге жетті. Бір айда өсім 2 пайызды құраған. 18,3 трлн теңгенің 11,6 трлн теңгесі – тұтынушылық несие. Жыл басынан бері халықтың алған тұтынушылық несиесі 15.45% өскені байқалады.
Қазақстанда халықтың алған тұтынушылық несиесі бизнеске берілген кредитке жетіп қалды. Ипотека қарыз 5,5 трлн теңгеге тең. Жеке тұлғалардың басқа да мақсатқа алған қарызы 1,2 трлн теңгеге жетті.
Қазақстан банктерінің балансында 90 күн бойы төленбеген (NPL 90+) 1 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар. Үш ай бойы төленбеген қарыз көлемі банктердің несие порфелінің 3,2 пайызын құрайды. Жыл басында бұл көрсеткіш 2,9 пайыз болған.