«Теңізшевройл» мердігерлерге қойылатын талапты жеңілдетті
Атырау облысындағы «Теңіз» және «Королевское» кен орнын игеретін «Теңізшевройл» мердігерлерге қойылатын талапты жеңілдетті. Енді қазақстандық жеткізушілер екінші деңгейлі банктер берген кепілдіктерді пайдалана алады.
Осы уақытқа дейін ТШО-мен жасалған келісімшарттардың шарттарына қарамастан, бүкіл мердігерлер несие рейтингі «А» деңгейінен төмен емес банктерден кепілдік алуға міндетті еді.
Бұл өзгеріс туралы қазір белгілі болғанымен, ол 2024 жылғы 14 мамырдан өз күшіне енген. Енді қазақстандық қызмет көрсетушілер жалпы құны 10 млн долларға дейінгі келісімшарттар үшін BBB (S&P және Fitch) немесе Baa2 (Moody’s) төмен емес кредиттік рейтингі бар екінші деңгейдегі банктер берген кепілдіктерді пайдалана алады.
ТШО қаржы бөлімінің бас менеджері Дуайт Крэбтридің айтуынша, осы жаңалық жергілікті компаниялардың қаржылық ауыртпалықты азайту және стратегиялық маңызды жобаларға қатысуды ынталандыру арқылы ірі келісімшарттарға қол жеткізуін айтарлықтай жеңілдетеді.
«Біз қаржылық талаптар көптеген жергілікті мердігер үшін қиындықтар туғызуы мүмкін екенін түсінеміз, сондықтан банктік кепілдік шарттарына маңызды өзгерістер енгіздік. ТШО жаңа критерийлерге жатпайтын келісімшарттар үшін «А» деңгейінен жоғары рейтингі бар екінші деңгейдегі банктерден банктік кепілдіктерге қойылатын қолданыстағы талаптарды қолдануды жалғастыратын болады. Бұл компанияның ірі жобаларды іске асыру кезінде қаржылық сенімділіктің жоғары стандарттарына бейілділігін растайды, – деді Дуайт Крэбтри.
Сондай-ақ аталмыш өзгерістерге сәйкес, екінші деңгейдегі банктер қазақстандық компаниялар атынан «А» рейтингі бар банктің растауымен кепілдіктер бере алады. Бұл ретте ТШО компаниясы шарттың көлеміне, жеткізушінің қаржылық жағдайына және жұмыстың күрделілігіне байланысты банктік кепілдіктерге қойылатын талаптарды өзгерту құқығын өзіне қалдырады.
1993 жылдан бері Теңізшевройл қазақстандық жеткізушілерден 48,4 млрд доллдан астам сомаға тауарлар мен қызмет сатып алған.
Бұған дейін Қазақстанда жұмыс істейтін мұнай-газ алпауыттары 240 млн долларға отандық тауарлар мен қызмет түрлерін сатып алатыны хабарланды.