Air Astana әуекомпаниясы Шымкент – Джидда және Алматы – Қарағанды жаңа рейстерін іске қосады. Джиддаға ұшақтар аптасына екі рет, Қарағандыға аптасына үш рет ұшады. Бұл туралы әуе компаниясының баспасөз қызметі хабарлайды.
Air Astana 10 қыркүйектен бастап сейсенбі мен жұма күндері Airbus A320 әуе кемесі ұшатын Шымкент – Джидда (Сауд Арабиясы) жаңа рейсіне билет сатуды бастады. Бұл бағыт бойынша ұшу ұзақтығы – бес жарым сағат.
Эконом-кластағы билеттердің ең төменгі құны екі жаққа – 384 600 теңгені, бизнес-класта 864 309 теңгені құрайды.
Джиддаға бейсенбі және жексенбі күндері Алматыдан да ұшақ ұшады.
Сондай-ақ Астана әуежайының түнгі уақытта жабылуына байланысты, Air Astana 8 тамыздан бастап Алматы-Қарағанды тікелей рейсін іске қосады. Ол бейсенбі, жұма және сенбі күндері Астана әуежайында жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін орындалады. Ұшу ұзақтығы – бір жарым сағат.
Бұған дейін премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Air Astana әуе компаниясы рейстерінің кешігу себебін ұшақ жетіспеушілігімен түсіндірген.