Жаңалықтар

Абайлаңыз! Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атынан телефон шалады

Алаяқатар Қаржы мониторингі агенттігінің атын жамылып, банк шотына қатысты жеке деректерді алуға тырысады / Фото: kursiv.media

Алаяқтар Қаржы мониторингі агенттігінің атын жамылып телефон шала бастаған. Бұл жайлы Қаржы мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Қаржы мониторингі агенттігі телефон арқылы жасалған алаяқтық фактілері туралы хабарлайды. Алаяқтар телефон қоңыраулары немесе хабарлама жіберу арқылы өздерін ҚМА қызметкерлері ретінде таныстыруы мүмкін», – деп ескертеді агенттік.

Арам ниетті алаяқтар сұхбат барысында Қазақстан резиденттерінің банктік шотынан қылмыстық жолмен алаяқтардың қаражат ұрлағалы жатқаны туралы ескертеді. Олар осы мақсатта банктік операциялар тоқтатылғанын мәлімдейді. Ал одан әрі қарай банктік шоттардың реквизиттерін, заңмен қорғалатын және жария етуге жатпайтын құпия деректерін сұрай бастайды.

Сондай-ақ әңгімелесу барысында жәбірленушіге Агенттік атынан жалған құжаттар жіберіледі. Ол құжатта мемлекеттік органның қолы, атауы, мөрі мен реквизиттері орналастырылады. Сондай-ақ қоңырау шалушылар өз әрекеттері жайлы ешкімге хабарламауын ескертеді.

«Қаржылық мониторинг агенттігі жеке тұлғалардың шоттарына қызмет көрсетпейтінін, ақшалай есеп айырысулар/операциялар жүргізбейтінін және жеке тұлғалармен байланыс орнатуға бағытталған қызметті жүзеге асырмайтынын ресми түрде мәлімдейді», – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске сала кетсек, соңғы кезде алаяқтар түрлі мемлекеттік органдардың атын жамылып әрекет ете бастаған. 23 шілде күні Мемлекеттік кірістер комитеті алаяқтардың комитет атынан жалған хабарлама тарата бастағанын ескертті.

Комитет хабарлауынша, бұл хабарламалар салық төлеушілердің электронды поштасына «Заң бұзушылықтарды жою туралы ескерту, банктік шоттағы ақшаны пайдаланып бюджетке берешекті өндіріп алу» деген тақырыппен келеді. Осы орайда комитет жеке электронды поштаға хабарлама жібермейтінін, МКК ақпараттық жүйелері хабарламаларды тек «Салық төлеушінің шотына», «Электрондық үкімет» порталының жеке кабинетіне және e-Salyq мобильді қосымшаларына жіберетінін жазды.

Ал мұның алдында Алматы әкімдігі алаяқтардың Досаевтың атынан хат жолдай бастағаны туралы хабарланды. Осыған орай қала әкімдігі тұрғындарды ескертіп, ресми хабар таратты.

«WhatsApp мессенджердегі жалған хабарламаның тарауына байланысты Алматы әкімі Ерболат Досаевтың атынан келген мұндай хабарламаға жауап бермеуіңізді және сенбеуіңізді сұраймыз. Күмәнді сілтемелерге кірмеген және ақша аудармаған жөн. Бұл сіздің қаржыңызды заңсыз жолмен алу мақсатында жасап отырған интернет-алаяқтардың тірлігі«,  – деп ескертті әкімдік.